ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ЖАЙДАРЛЫ КЕШ

Бүгінде Бадамша ауылының тұрғындары мен қонақтары әр сенбіні асыға күтеді. Себебі бұл күні әр ауылдық округ өздерінің жеткен жетістігін, өнерін және рухани қазынасын жұртшылыққа ұсынып, думанды кештер өткізуді игі дәстүрге айналдырды.

Өткен сенбіде Степной ауылдық округі «Ауыл күндері» жобасы аясында Бадамша жұртына ауыл өмірінің тынысын айшықтаған әсерлі мәдени бағдарлама ұсынды. Шара барысында округтің тарихы, бүгінгі дамуы, жеткен межелері мен табиғи өнімдері таныстырылып, ұлттық өнерден шашу шашылды.

Мерекелік кешке аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, зиялы қауым өкілдері мен қазылар алқасы және ауыл тұрғындары қатысты. Степной ауылдық округі – сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен тек ауданға ғана емес, облысқа да кеңінен танымал өңір. Кезінде бұл ауыл Торғай облысының құрамын да болса, бүгінде замана талабына сай өркендеп, Степной және Қайрақты елді мекендерін қамтып отыр. Округ аумағында көпшілікке белгілі «Степной» ЖШС мен бірнеше шаруа қожалығы табысты еңбек етіп келеді. Мереке ақ дастарқаннан дәм татумен басталып, киіз үйде Қайрақты ауылдық кітапханасының кітапханашысы Бекзада Абаева ауыл музейіндегі көне жәдігерлердің тарихы мен қолданылу ерекшеліктерін таныстырды.

 

Келесі кезекте округ әкімі Гүлмайра Нүредилова сөз сөйлеп, ауыл еңбеккерлеріне алғысын білдіріп, табыс пен береке тіледі.

Жәрмеңке сөрелеріне «Степной» ЖШС өндірген сапалы астық пен ет өнімдері қойылып, тұрғындар оларды тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бадамшалықтар аталған серіктестіктің директоры Аманғос Төлеуовтің еңбегін ерекше атап, ұжымға толайым табыс пен молшылық тіледі.

Саябақтағы мереке түрлі жарыстармен жалғасын тапты. Балалар қолөнер бұйымдарын жасап, сурет салып, спорттық ойындарда бақ сынады. Жастар гір көтеру, ұлттық ойындар секілді сайыстарға қатысып, жеңімпаздар марапатталды. Көрермендерді ерекше қызықтырған жарыстардың бірі – әйелдер арасындағы ысқыру сайысы болды. Бұл додада да озық шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Кеш соңында өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, Бадамша аспанын әсерлі отшашуға бөледі.

Жалпы, «Ауыл күндері» мерекесі – әр ауылдың тарихы мен мәдениетін насихаттап қана қоймай, жастарды еңбекке баулуға, туған жердің қадірін ұғындыруға, елге деген сүйіспеншілікті арттыруға үлкен үлес қосып келеді.

 Бақыт ИМАШЕВ