ЖЕЛТАУ АУЫЛЫ ЖАЙДАРЛЫ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Ауданымызда дәстүрге айналған «Ауылдар күні» байқауының кезекті аптасы Желтау ауылдық округінің мәдени бағдарламасымен жалғасты.
Шараға мекеме басшылары мен комиссия мүшелері және ауыл тұрғындары белсене атсалысты. Әр апта сайынғы мерекелік кештерге тұрғындардың қызығушылығы артып, орталық саябаққа жиналушылар қатары көбейіп келеді.
Бұл кеш — ауыл өмірінің мәні мен сәнін айқындап, ауыл мен ауылдастарды жақындастыра түскен ерекше рухани шара болды. Жұртшылық сенбі кешінде орталық саябаққа жиналып, ән тыңдап, би билеп, түрлі ойындарға қатысып, естелік сыйлықтарға ие болды. Балалар да көңілді кештің басты қонағына айналып, олар үшін тегін батут алаңы ұйымдастырылып, аниматорлар тегін тәттілер таратты.
Мерекелік кеш ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен басталып, қонақтар фуршеттік дастарханнан дәм татып, ұлттық нақышпен көмкерілген киіз үйдегі көрмемен танысты. Киіз үй ішінде кітаптар мен сурет көрмелері, қолөнер бұйымдары қойылып, қазақы салт-дәстүрдің иісі аңқып тұрды.
Шара барысында ұлттық киім киген аналар шашу шашып, домбыра үнімен әуелеген әндер кеш көркін аша түсті. Концерттік бағдарламаның шымылдығын Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзагулов ашып, көпшілікке жүрекжарды лебізін білдірді.
— Бұл игі бастама — ауыл мәдениетін жаңғыртып, ел ішіндегі бірлікті нығайта түсетін маңызды сәт. Әрбір сенбі сайын ауылдық округтер өз мәдени мұрасын таныстырып, тұрғындармен емен-жарқын жүздесуге мүмкіндік алуда. Олай болса, бүгінгі шара да соның жалғасы. Ендеше, біздің Желтау ауылдық округімен бірге болып, керемет кештің куәсі болыңыздар, — деді ол.
Мерекелік құттықтаудан соң, тұрғындарға қазақтың ұлттық дәмі бауырсақ таратылды.
Мәдени кеште Желтау ауылының өнерпаздары Антонина Струцкая, Дания мен Дария Асқаровалар, «Нұр-ай» халықтық би ансамблі және тағы басқа өнерпаздар көпшіліктің көңілінен шығатын концерттік бағдарлама ұсынды. Кешті қызықты етіп жүргізген Виолетта Жубатырова да тұрғындарға ерекше әсер қалдырды.
Сондай-ақ, ересектер мен жастар арасында қызықты ойындар ұйымдастырылып, белсенді ауыл тұрғындары бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бұл күн ауыл өмірінің шынайы болмысын көрсетіп, тұрғындар арасындағы ынтымақ пен бірлікті арттыра түсті. Кеш соңында ауыл халқы әсерлі от шашуды тамашалап, би алаңының көркін қыздырды.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптаның сенбісінде ауыл тұрғындарын Шәмші Қалдаяқов ауылының өнерпаздары қуантпақ.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА














