ӘЛІМБЕТТЕ ӨТКЕН ҰЛЫ ТОЙ

Әлімбет – тарихы терең, тамыры мықты киелі мекен. Бұл ауылдың атауы жөнінде көнекөз қариялардан жеткен аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бір кездері бұл өңірде Әлімбет атты дәулетті бай мекен еткен екен. Алайда нақты тарихи деректердің аздығы бұл әңгімені зерттеуші тарихшылар еншісіне қалдырып отыр.

Десе де ауыл шежіресінің белгілі бір парақтарын парақтап өтсек, бұл өңірдің іргетасы 1892–1894 жылдары қаланып, алғашқыда Әлімбет ауылдық болысы ретінде құрылған.

Кеңестік кезеңде, нақтырақ айтқанда 1924 жылдан бастап, бұл өңір Ақтөбе губерниясының аумағына кіріп, Қырғалды жерінде орналасқан №212 Әлімбет кеңшары құрылып, ел тарихындағы түрлі сындарлы кезеңдерге куә болды. Атап айтқанда: ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, «бес жылдықтың балғасын солқылдата соғып» барлығы да Әлімбет ауылын айналып өткен жоқ. Бұл өңірдің ардагерлері мен еңбек адамдары  елдің шынайы жанашырлары. Ал бүгінгі ұрпақ олардың ерлігін ұлықтап, бейбіт күннің шапағатын сезініп келеді.

Осы орайда өткен аптаның сенбісінде Әлімбет ауылының тұрғындары туған жердің бір ғасырлық торқалы тойын ерекше ықыласпен атап өтті.

Мерейлі мерекеге орай ауылдың көнекөз шежіресіндей Машина-трактор жөндеу мекемесінің алаңында үш бірдей ақбоз киіз үй тігіліп, алыстан-жақыннан келген қадірлі қонақтарды қарсы алды. Сондай-ақ, ауылдық клубта салтанатты жиын ұйымдастырылып, ауыл әкімі Мейрамбек Мысаев пен аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жиналған жұртшылықты құттықтап, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашағына сенім білдірді.

Салтанатты жиында өткенге тағзым, бүгінге тағылым ретінде “Өсе бер, өркендей бер, туған елім – Әлімбет!” атты тарихи-танымдық дөңгелек үстел өтті. Басқосуда ауыл шежіресі, кешегі еңбек майданы, ардагерлердің өнегелі жолы кеңінен әңгіме арқауына айналды. Ауыл тарихында өзіндік із қалдырған ардагерлер арнайы марапатталып, құрметке бөленді.

Одан соң ғасырлық той спорттық сайыстармен жалғасып, ұлттық рухтың көрінісі ретінде қазақша күрес ұйымдастырылды. Палуандарымыз боз кілемде белдесіп, өздерінің қайсарлықтарын көрсетті. Нәтижесінде  80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1-орынды Дулат Жандосов иеленіп, 25 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. 2-орынды – Лұқпан Жолдасов (15 мың теңге), 3-орынды – Алтынбек Нитулаев (10 мың теңге) еншіледі.

Ал 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Дәулет Орынбаев жеңіс тұғырынан көрініп, 1-орынды еншіледі. Ал Сырым Қанмамай (2-орын) мен Бексұлтан Жолдасовқа (3-орын) бұйырды. Жүлдегер палуандар ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Ауыл кәсіпкерлері мен жастар да тыс қалмады. Ауыл шеберлерінің қолөнер көрмесі, түрлі тағамдар мен ауыл шаруашылық өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық өнер мен мәдениетке сусындаған көпшілікке рухани серпін сыйлады. Киіз үйлерде құрметті қонақтар төрге отырғызылып, ән мен күйден шашу шашылып, мың бұралған билер көрермен көңілін көтерді.

Дүбірлі тойда облысқа танымал өнер майталмандары ән салып,  шара көркін қыздыра түсті. Мерекелік кеш соңында Әлімбет ауылының аспаны түрлі-түсті от шашуға бөленіп,  үлкен-кішіге ерекше әсер сыйлады.

Бұл мереке тек ауыл тарихына тағзым ғана емес, ұлттық бірлік пен ынтымақтың, еңбек пен елге адалдықтың нағыз үлгісіне айналды. Бірлік пен берекенің мекені – Әлімбет ауылының рухани жаңғыру жолындағы осындай тағылымды шарасы келер ұрпаққа өнеге болары анық.

 Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»