Аудан басшысы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын қадағалады

Өткен аптада аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтерді аралады. Іссапар барысында аудан басшысы атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын маңызды инфрақұрылымдық жобалармен танысып, тұрғындар үшін аса қажетті нысандардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын тапсырды.

Жалпы, аудан бойынша жыл басынан бері бірнеше инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, халықтың игілігіне берілуде.

Алдымен, аудан әкімі Қос Естек ауылдық округіне барды. Мұнда ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын көзбен көріп, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Аталған жол жөндеу жұмыстарын «DEN Group Plus» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл жоба ауыл тұрғындарының көлік қатынасын жеңілдетіп, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосатыны атап өтілді.

Одан соң іс-сапар Желтау ауылдық округіндегі Петропавл ауылында жалғасты. Аудан әкімі «Қарғалы» және «Абай» көшелерінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Бұл жұмыстардың да мердігері – «DEN Group Plus» ЖШС. Сонымен қатар, ауылдың төрт көшесінде орнатылып жатқан жарықтандыру жүйесі де назардан тыс қалмады. Бұл жобаның жобалаушысы – «Build Project» ЖШС, ал жарықтандыру жұмыстарының мердігері ретінде «Еркен и К» ЖШС қызмет атқаруда.

Осы орайда айта кетейік Петропавл ауылындағы төрт көшенің жарықтандыруы мен екі көшеге асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Жұмыс сапарының келесі бағыты – Ш.Қалдаяқов ауылы болды. Мұнда аудан басшысы алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Әсіресе, «Әбілқайыр хан» көшесінде салынатын жаңа автожол құрылысының маңыздылығына ерекше тоқталды. Жоба ауылішілік жол қатынасын жақсартып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызады деп күтілуде.

Сонымен қатар, ауылдағы су жүйелерін қайта жаңғырту және көше жарықтандыру құрылысын қолға алу жоспарланып отыр. Су құбырларын жобалау жұмыстары «Толагай Нур» ЖШС арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Аудан әкімі барлық нысандарды аралау барысында жобалау-сметалық құжаттамалардың сапалы әзірленуін және құрылыс жұмыстарының тиімді әрі уақытылы ұйымдастырылуын қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, жобалардың орындалу сапасына жергілікті қоғамдастық өкілдері де бақылау жүргізіп отырады. Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ауданымызда жүйелі түрде қолға алынған ауқымды істердің бір бөлігі болып табылады.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерІс-сапар