АЩЫЛЫСАЙДАН БАСТАУ АЛҒАН ДӘСТҮРЛІ ДУМАН

Биыл ауданымызда «Ауылдар күні» байқауы ерекше серпінмен басталды. Алғашқы болып бұл игі бастаманың шымылдығын Ащылысай ауылдық округі түрді. Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған мәдени шара аудан орталығындағы орталық саябақта өтті.

                                         

                                 

Шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев пен мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Ащылысай ауылының тұрмыс-тіршілігі, ұлттық салт-дәстүрі мен мәдени мұрасы кеңінен насихатталды. Киіз үй тігіліп, ішкі кеңістігі ұлттық нақыштағы бұйымдармен безендірілді. Жәрмеңке сөрелерінде ауыл шаруашылығы өнімдері қойылып, тұрғындар табиғи әрі сапалы азық-түлікке қол жеткізді.

Шараның ашылуында округ әкімі Асылбек Биманбаев құттықтау сөз сөйлеп, Астана мерекесі мен Ұлттық домбыра күніне орай ізгі тілектерін білдіріп, ауыл бірлігі мен мәдениетін жаңғыртуға бағытталған бұл бастаманың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жиналған көпшілікті мерекелік кешке белсене қатысуға шақырды.

Кеш барысында әсем ән мен күй шырқалып, мың бұралған билер сахна көркін аша түсті. Ащылысайлық өнерпаздардың өнері жұртшылыққа шат көңіл-күй сыйлады. Мерекелік бағдарламаның бір бөлігі ретінде Астана күніне арналған викториналық ойындар ұйымдастырылып, дұрыс жауап берген қатысушылар естелік сыйлықтарға ие болды.

     

Ұлттық дәстүрлер де назардан тыс қалмады. Қонақтарға шашу шашылып, бауырсақ пен тәттілер ұсынылды. Балалар сурет салып, ләңгі мен шағын футболдан жарысса, ересектер жағы қой көтеру, садақ ату сынды спорттық сайыстарда бақ сынасты.

Кеш соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара әсерлі отшашу және көңілді би кешімен қорытындыланып, мереке ауыл аспанын думанға бөлеп, ерекше әсер қалдырды.

Бұл кеш – тек мерекелік шара ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ санасына елдік рух пен мәдениетті сіңірудің жарқын үлгісі болды. Еңкейген қариядан бастап, тәй-тәй басқан бүлдіршінге дейін шаттыққа бөленіп, мәре-сәре болды.

Айта кетейік, «Ауылдар күні» жобасы жаз бойы жалғасады. Сондықтан ұлттық рух пен көңілді ауыл кешінің куәсі болғыңыз келсе, әр аптаның сенбісінде орталық саябаққа асығыңыз!

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА