ЖАЗҒЫ МАУСЫМНЫҢ ЖАРҚЫН БАСТАМАСЫ

Өткен аптада аудандық орталық кітапхана ғимаратының алдында дәстүрлі “BiblioARBAT” маусымдық жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

                   

Бұл жоба – жаз мезгілінде тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне арналған ерекше алаң.

Ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Тілектес Шыңдаулова құттықтау сөз сөйлеп, “BiblioARBAT” жобасының жаз бойы аудан тұрғындарына қуаныш сыйлайтын мәдени орталыққа айналатынын атап өтті. Сонымен қатар, барша жұртшылықты алдағы мәдени және танымдық шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Кештің шарықтау сәті – Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған “Қос хаттың сыры” атты әсерлі қойылым болды. Қойылым барысында Әлия бейнесін аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкері Рада Досмұхамбетова шынайы сомдаса, Надя рөлін аудандық кітапхананың кітапханашысы Дана Беркімбаева тебіреніспен жеткізді. Олардың кейіпкерді шынайы сомдауы көрермендердің жүрегіне жол тауып, ерекше әсер сыйлады.

Шара аясында “Мәңгілік ел есінде – Әлия” атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмені аудандық кітапхананың әдіскері Жанат Тулкибаева таныстырып, батыр қыздың ерлігі мен Отанға деген сүйіспеншілігін насихаттады.

                                 

Кештің жалғасы көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған караокеге ұласты. Ашық аспан астында жиналғандар Шәмші Қалдаяқовтың әсем әндерінен бастап, заманауи әуендерге дейін бірге шырқап, ән мен бидің думанын қыздырды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары да өз өнерлерін ұсынып, кеш көрігін аша түсті.

Айта кетейік, “BiblioARBAT” – аудандық кітапхананың жыл сайын дәстүрге айналған ерекше жобасы. Жазғы маусымда бұл алаң кітап пен өнер арқылы тұрғындардың рухани байлығын арттырып, мәдени демалыс сыйлауды көздейді.

Ауыл тұрғындарының ықыласына бөленген “BiblioARBAT” жобасы биыл да жарқын естеліктерге толы жазғы кештердің куәсі болары сөзсіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА