МЕРЕЙТОЙ АЛДЫНДАҒЫ АУЫЛ КЕЛБЕТІ

Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде ауданымызға қарасты Әлімбет ауылы 100 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осыған орай ауылдық округ әкімі Мейрамбек Мысаевпен сұхбаттасқан едік.
– Мейрамбек Жанысұлы, ауылдық округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз?
– Біз әрдайым ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл біздің — Әлімбет ауылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Ауылымыздың қазіргі жағдайына тоқталсақ, біздің елді мекен ежелден Ресейдің Новотроицк және Орск қалаларымен шекаралас, небәрі 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Екі елдің қақпасы іспеттес ауылымызда шекара мен кеден бекеті бар. Ақтөбе-Орск күре жолы ауылдың дәл ортасынан өтеді. Сонымен қатар ғасырдан астам уақыт екі елді байланыстырып тұрған Қазақстан темір жолы да осы ауыл арқылы өтеді.
Ауылымызда 249 үй, 907 тұрғын бар. Әлімбет орта мектебі балаларымызға қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Сонымен бірге ауылда бір балабақша жұмыс жасайды. Медициналық пункт толық штатта қызмет көрсетіп, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері ауылымызда бес сәби дүниеге келді, ал медициналық пунктте 80 адам диспансерлік есепте тұр.
Ауыл тұрғындары 80 735 гектар жерді игеруде. Оның ішінде 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 15 шаруа қожалығы, 65 жеке кәсіпкер бар. Ауылда 5 дүкен, жол бойында 2 жанармай бекеті, 1 газ құю станциясы және заманауи 2 кафе халыққа және жолаушыларға қызмет көрсетуде. Биылғы жылы ауыл еңбеккерлері 13 812 гектар жердің 5 900 гектарына дәнді дақылдар, 4 450 гектарына бидай, 600 гектарына арпа, 40 гектарына майлы дақылдар егіп, мол өнім алуға үміттеніп отыр.
Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөлінуде. Жергілікті бюджет есебінен бөлінген 2,8 миллион теңгеге көше шамдары жаңартылып, ауыл ішіндегі жолдарға қысқы және жазғы күтім жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары да әрқашан белсенділік танытып, қолдау көрсетіп отырады.
Атап айтар болсақ, жыл сайынғы «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясына өңіріміздің тұрғындары мен мектеп оқушылары ерекше қолдау көрсетіп келеді. Биыл демалыс саябағы тазартылып, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына орай ауылдағы “Мәңгілік алау” жергілікті мектеп оқушыларының көмегімен жаңартылды.
Осы орайда айта кету керек, біздің Әлімбет ауылы — көп ұлтты, бірлігі жарасқан елді мекен. Қазір ауылымыз алдағы өтетін 100 жылдық мерейтойға қызу дайындық үстінде. Бұл тойдың да ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен ынтымағының арқасында жоғары деңгейде өтетініне сенемін.
Олай болса, «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, тарих қойнауына енетін мерейтойдың ауыл тұрғындары үшін орны ерекше болары сөзсіз. Өйткені ғасырлық тарихы бар Әлімбет ауылы — ата-бабадан қалған аманат, сан ұрпақтың табанды еңбегі мен маңдай терінің куәсі.
Ендеше, Әлімбет ауылының ғасырлық тойы сән-салтанатымен өтіп, ел есінде қалатын ерекше мереке болғай!
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»