ТУРИЗМ МЕН ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырысты кеңес төрайымы Жаңылсын Ысмағұлова жүргізді. Жиынға кеңес мүшелері мен жауапты тұлғалар қатысты.

                     

Күн тәртібінде екі өзекті мәселе қаралды. Алғашқы мәселе – «Ауданда туризмді дамыту бойынша белгіленген іс-шаралардың орындалуы» жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Мәдина Жақыпова баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, ауданда туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. 2018 жылы ауданымыздағы «Қасқыр сарқырамасы» мен «Қарғалы су қоймасы» республикалық туристік картаға енгізілген болатын. Ащылысай ауылдық округі аумағындағы «Қасқыр сарқырамасында» 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Байқұла» шаруа қожалығы экотуризмді дамыту үшін грант ұтып алып, тиісті жұмыстар жүргізуде. Былтыр бұл нысанға 35-40 мыңға жуық турист келсе, биылғы жылдың наурыз-мамыр айларында 20 мыңға жуық демалушы келген. Туристердің қатынасын жеңілдету мақсатында «Қасқыр сарқырамасына» апаратын 5 шақырымдық төртінші санатты автожол құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Сонымен қатар, «Samet International» ЖШС Қарғалы су қоймасы аумағында демалыс және ойын-сауық саябағын салу жұмыстарын қолға алмақшы. Бұдан бөлек, ауданымызда туризмді ілгерілету үшін «Қарғалы ауданының жеті кереметі» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Ауыл тұрғындарының ашық су айдындарындағы жазғы демалысы» бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аслан Каркулов, аудандық полиция бөлімінің өкілі Малік Нұрсейітов пен Бадамша ауылдық округі әкімінің орынбасары Роза Сибагатова хабарлама жасады. Аталған мәселе аясында Бадамша ауылдық округі аумағында суға түсуге рұқсат етілген айдындар жоқ екені айтылды. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция қызметкерлері суға шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тиісті бақылау жұмыстарын жүргізуде. Жыл сайын рұқсат етілмеген су айдындарына тыйым салу белгілері орнатылуда.

Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері ауданымызда туризм саласын дамыту жұмыстарын одан әрі күшейту қажеттігін, 2025-2030 жылдар аралығына нақты іс-шаралар жоспарын дайындау, ауданымыздағы көрікті жерлердің тізімін көбейтіп, саяхат маршрутын ұйымдастырып, өлке тарихын танытуға аудан жастары мен мектеп оқушыларын тарту, сондай-ақ аталмыш салада қызмет жасайтын кәсіпкерлер субъектілерімен тиісті стат есептерін тапсырып, төлеу қызметінен салық төлеу бойынша жұмыстар жүргізу керектігін ұсынды.

Сонымен бірге, тұрғындардың жаз мезгіліндегі ашық су айдындарында демалысын өткізу мәселесі өзекті екені атап өтілді. Осыған орай тиісті шаралар қабылдап, баламалы демалыс орындарын ұйымдастыру, ауылдық округ әкімдері тиісті қызметтермен бірлесіп жеке жағажайларды ашу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және келесі жылғы бюджеттік тапсырысқа рамалық бассейндерді сатып алу мен орнатуға қаражат сұрау, Бадамша ауылында бассейннің жыл бойы жұмыс жасауына дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне автономды қазандық құрылысын салуға шара қолдану жайында ұсыныстар айтылды.

Кеңес отырысына арнайы шақырылған жеке кәсіпкер Мадина Искакова да бірнеше сауалдарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Отырысты қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрайымы Жаңылсын Ысмағұлова айтылған ұсыныс-пікірлердің тиісті органдарға жолданып, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА