Бүгін – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі

Кездесуге республикалық және өңірлік БАҚ журналистері, газеттер мен телеарналардың редакторлары және сала ардагерлері шақырылды.

Облыс әкімі өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін «қоғамдық өмірдің барометрі» дегенін еске салып, билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтудағы журналистердің ерекше рөлін атап өтті.

«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға тез әсер ететін қуатты құрал. Журналистер біздің дамуымыздың қарқыны мен жетістіктерін көрсете отырып, елдегі келісім мен тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосуда. Журналистік қоғамдастықтың өңірді дамытудағы және өзекті мәселелерді шешудегі маңызды рөлін ерекше атап өтемін. Сіздің әр мақалаңызда әр дайындалған сюжет ұмтылыстар мен қажеттіліктерді көрсетеді. Сіздер біздің қоғамның серпінін көрсетіп отырсыздар, сол үшін Сіздерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді», – деп атап өтті облыс әкімі.

Іс-шара аясында Асхат Шахаров БАҚ өкілдеріне мерекелік марапаттар табыс етті.

Ардагер журналист Мейірхан Ақдәулетұлы Президент Жарлығымен бекітілген «Парасат» орденімен марапатталды. КТК телеарнасының меншікті тілшісі Жаңалық Ахаш және Nur.kz тілшісі Ардақ Ерубаева«Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Буханова «Еңбек ардагері» медалін алды.

Тағы бірқатар журналист «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттары және облыс әкімінің алғыс хаттары мен сыйлықтарын алды.

Марапаттау рәсімінен кейін сөз алған «Парасат» орденінің иегері Мейірхан Ақдәулетұлы және КТК телеарнасының меншікті тілшісі Жаңалық Ахаш әріптестеріне ізгі тілектерін арнады.

Кездесу соңында Асхат Шахаров медиа саласының қызметкерлеріне мамандыққа адалдығы, объективтілігі және белсенді азаматтық ұстанымы үшін тағы да алғысын білдіріп, жиналғандарға шығармашылық табыс пен жаңа кәсіби жеңістер тіледі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

aqtobegazeti.kz