АУЫЛДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ БАСПАЛДАҚ

  Мемлекеттік қызмет – барлық саланы тиімді басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөл атқаратын мемлекеттік жүйенің ең маңызды тетіктерінің бірі. Билікке деген сенімнің қалыптасуы қазіргі қоғамның талаптарына сай қызмет ететін мемлекеттік қызметшіден басталады. Мемлекеттік қызметшінің ең басты міндеті — Отан мен халыққа адал еңбек ету.

     Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет ету, халықтың сенімін ақтау деген сөз. Бұл салада еңбек ету – үлкен жауапкершілікпен қатар, зор абырой. Бүгінде осы салада өз білімін үнемі жетілдіріп, біліктілігін арттырып жүрген кәсіби мамандар аз емес. Соның ішінде біздің өңіріміздегі ер азаматтар да мемлекеттік қызметтің сан түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр.

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында, біз аудандық қаржы бөлімінің бас маманы Ербол Жұмашевпен тілдесіп, мемлекеттік қызметтің қыр-сыры туралы әңгімелескен едік.

Ербол Сүйінұлы 1992 жылдың 27 наурызында Мұғалжар ауданының Құмсай ауылында дүниеге келген. Отбасында үш ағайынды. Әкесі қарапайым жұмысшы, ал анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен.

1998 жылы Ербол Құмсай ауылындағы Құмсай орта мектебінің табалдырығын аттап, 2009 жылы аталмыш білім ордасын аяқтайды. Мектепті бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2013 жылы “Маркетинг” мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман үлкен үмітпен қаладағы банктердің біріне жұмысқа орналасуды ойлайды. Алайда туған жердің тағдырына деген жауапкершілік пен перзенттік парыз оның өмірлік жолын өзгертеді. Сол кездегі ауылдық округ әкімінің “Жассың, туған жерге қызмет ететін сен сияқты жастар керек”-деген бір ауыз сөзі Ерболдың жүрегіне жол тауып, мемлекеттік қызметке бет бұруына себепші болды.

Осылайша, туған өлкесіне адал қызмет етуді мақсат еткен Ербол мемлекеттік қызметтің жауапты да абыройлы жолына қадам басады.

Жас маманның еңбек жолы 2013 жылы Құмсай ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маманның міндетін атқарушы лауазымынан басталды. Қызметінің алғашқы күндерінен-ақ ол өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіруге күш салды.

2014-2018 жылдар аралығында осы мекемеде қызмет атқара жүріп, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру ісіне және салық саласын нығайтуға өз үлесін қосты.

Жинақтаған тәжірибесін әрі қарай шыңдау мақсатында 2019 жылдан бастап Қарғалы аудандық қаржы бөлімінде бас маман қызметін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде ауданымыздағы қаржы саласында бюджет қаражатының тиімді және мақсатында игерілуіне, коммуналдық меншік саласына жауапты маман ретінде еңбек етуде.

Кейіпкеріміз бүгінде мемлекеттік қызмет саласында абыроймен еңбек етіп жүргеніне еш өкінбейді. Әрбір жұмыс күні жаңа жауапкершіліктер мен міндеттерді талап еткенімен, бұл саладағы қызмет оған ерекше қуаныш пен шабыт сыйлайтынын жасырмайды. Ерболдың айтуынша, ең бастысы – жұмысты үлкен жауапкершілікпен, қызығушылықпен атқарғанда ғана оның нәтижесі де көңіл қуантарлық болады.

Мемлекеттік қызмет саласында табанды еңбегімен ерекшеленген Ерболдың жеткен жетістіктері де аз емес. Ол кәсіби міндетіне жауапкершілікпен қарап, өз ісінің маманы ретінде танылып келеді. Атқарған еңбегі мен қосқан үлесі үшін аудан және облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке келемін деген жастарға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер ұсынылып отырғанын атап өтті. Жоғары оқу орнын аяқтаған жас мамандарға конкурссыз тікелей тағайындалу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, ауылдық жерде еңбек етемін деген жастар үшін жеңілдетілген пайызбен тұрғын үй алуға жағдай жасалған. Ербол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдауларды тиімді пайдаланып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу – әрбір жас маманның азаматтық борышы деп есептейді. Ол мемлекеттік қызмет жолының табалдырығын ауылдан бастап, аудандық деңгейге жетіп, тәжірибе жинақтағанын, енді алдағы уақытта облыстық деңгейде де қызмет етуді көздейді. Қызметтен тыс  бос уақытында табиғат аясында серуендегенді және рухани-мәдени, тарихи, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мағлұматтарды тыңдағанды жақсы көреді.

Тәжірибе мен табандылықтың арқасында Ербол мемлекеттік қызметте өз орнын тапты. Өз ісіне деген сүйіспеншілігі, кәсіби біліктілігі мен адамгершілігі, әріптестері мен халыққа деген қарапайым да шынайы қарым-қатынасы оны ұжым ішінде де, халық арасында да қадірлі маманға айналдырды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА