ӘЛИЯЛАР БАС ҚОСҚАН ЕРЕКШЕ ШАРА

Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында «Мен — Әлиямын!» атты ерекше форум ұйымдастырылды.
Бұл айтулы шараға батыр қыздың есімімен аттас 300-ден астам қыз-келіншек қатысты. Қатысушылардың жасы әртүрлі: ең үлкені 90 жасқа таяса, ең кішкентайы — небәрі 2 айлық нәресте. Форум аясында түрлі салада ерекше жетістіктерге жеткен Әлия есімді аруларға құрмет көрсетілді.
Форум бірнеше бөлімнен тұрды. Алдымен қатысушылар Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлік рухына тағзым етті. Одан кейін Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының алаңында Әлиялар шеруі өтіп, жиналғандар бір-бірімен танысып, мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды. Әлия есімді нәзік жандылар қызыл кілеммен жүріп өтіп, ерекше әсерге бөленді.
Бұл рухани маңызы зор шараға біздің ауданымыздан Балалар өнер мектебінің мұғалімі Әлия Игизбаева да қатысып қайтты. Өнерлі өрендерді би әлеміне баулып жүрген тәжірибелі ұстаз Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырханның Алғыс хатымен марапатталды.
Әлия Игизбаеваның шәкірттері талай байқауларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол аудан намысын абыроймен қорғап, өнердің биік шыңынан көрінуге үлес қосып жүрген тәжірибелі маман.
Қарғалы-АҚПАРАТ