Елдің елдігін танытқан мереке

Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы 25 қазанда жарияланған болатын. 13 жыл өткеннен кейін қайта жаңғырған Республика күнін   биыл екінші  рет атап өтпекшіміз.

Әрине,  25 қазан — Республика күні болып, кездейсоқ таңдалмағаны анық. 1990 жылдың дәл осы күні Жоғары Кеңес Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Декларацияда Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси құқықтары негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке териториясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері, бір сөзбен айтқанда мемлекет атқаруға тиістінің бәрі бекітіліп, ақ түйенің қарны жарылған күн  болып халықтың есінде қалды.

Кейіннен 30 тамыз — Қазақстан Республикасының  Конституция күні болып жарияланып, қазаққа нұр сыйлаған 25 қазан — Республика күні мемлекеттік мерекелер тізмінен алынып тасталып «Жаңа Қазақстанға» бет алғанда  халқына қайта оралды.

2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Республика күініне  «Ұлттық мереке» мәртебесін қайтаруды ұсынып, ұлттық мерекелермен атаулы күндер тізбесіне бірқатар  өзгерістер енгізіп, егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді тапсырған болатын. Өз кезегінде Тәуелсіздік күні бұрынғыша  мемлекеттік мереке болып қала береді. Тек ескерер жайт  тәуелсіздік алуға үлесін қосқан ұлттық батырларымызға  тағзым күні болып дәріптелуі керек деп атап көрсетті. Ел халқы  Республика күнінде егемен еліміздің көгінде көк байрақтарымыз желбіреп, біздің менталитетімізге жақын, жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездері қалықтап, еңбек ардагерлері еленіп, халқымыз ел тәуелсіздігіміздің шапағатына кенелсін дегім келеді.

Баршамыз Отанымызбен мақтанып, бірлігімізді нығайтып, елдігімізді танытатын, бірге шаттанып, қуанатын Ұлттық мерекені ел болып ұлықтасақ, мерекенің ұғымы да,ұлағаты да ұрпақтар санасына сіңері анық.

Ендеше, ұлық мереке баршаңызға құтты болсын!

 

ТегтерПікір