23 сәуір-Ұлттық кітап күні

СӨЗ ӨНЕРІНДЕГІ ӨЛКЕТАНУ

         17 сәуір күні Әлімбет ауылдық модельді кітапханасында «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында туған өлкеге және жерлесіміз Мутиғолла Ғусмановқа арналған «Сөз өнеріндегі өлкетану» атты кездесу кеші өтті.

                                       

Айта кететін болсақ, Мутиғолла Есқақұлы ауданымызға қарасты Әлімбет ауылында есепші болып қызмет жасаған. Ол саналы ғұмырында «Есімдегілер» атты қолжазбаның авторы. Бұл еңбекте өткен күндердің естеліктері – 30 жылдардағы репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі ауыр кезеңдер баяндалған. Ол өз ата-бабалары – Қарабұтақ ауылындағы мешіттің негізін қалаған Нұрпейіс Хазіретке деген құрметі мен туған өлкесінің таңғажайып табиғаты жайында қалам тербеген. Бұл – тек бір адамның естелігі емес, бұл – ұрпақтар арасындағы үзілмес байланыс, ортақ тарихтың бір бөлшегін сақтау қажеттігі жайлы сыр.

Осы орайда  шараны Әлімбет ауылдық модельді кітапханасының меңгерушісі Айсауле Шукембаева жүргізді.

Рухани іс-шараға Мутиғолла Есқақұлының үш қызы – Ұлболсын, Алма және Ләззат, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен кітапхана оқырмандары қатысты. Қыздары әкелерін мейірімді де дана жан ретінде үлкен сүйіспеншілікпен еске алды.

Ләззат есімді қызы әкесінің жазу үстіндегі сәттері туралы жүрек тебірентер естелікпен бөлісті: «Әкеміз ауырып жүрген кезінде жазуды бастады. Кешкісін ұзақ ойланып, өткен – кеткенді еске түсіріп жазатын еді. Біз ол кезде нақты не жазып жүргенін білмейтінбіз. Әкеміз жеті жылдық мектепті бітіріп, Ақтөбеде бір жыл есепші мамандығы бойынша оқыды, содан кейін ұзақ жылдар сол салада болып жұмыс істеді. Ол өте сыйлы адам еді. Біздің отбасымыз көпбалалы болғанымен, ол әрқайсымызға көңіл бөлуге уақыт табатын», – деп еске алды қызы.

Мутиғолла Есқақұлы дүниеден өткеннен кейін оның қолжазбалары бауыры Тынышбектің қолында сақталған. 2020 жылы оның Есқақұлының қызы Науат оларды баспаға ұсынып, кітап етіп шығарды. Осылайша, отбасылық әрі халықтық тарихты сақтаған еңбек жарыққа шықты.

Іс-шара барысында қатысушыларға сол кітап ұсынылды. Балалары бұл еңбекті кітапхана қорына тарту етті. Міне, осылайша, «Есімдегілер» атты естелік кітабы кітапхананың төрінен лайықты орнын тапты.

КІТАП. ТАРИХ. ШЕЖІРЕ.

21 сәуір күні аудандық орталық кітапханада «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында «Кітап. Тарих. Шежіре» тақырыбында сирек және құнды, ерекше кітаптарды қамтыған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге аты айтып тұрғандай, жарық көргеніне ғасырдан астам уақыт болған кітаптармен қатар Қарғалы өңіріміз жайындағы кітаптар қойылды. Көрменің мақсаты – кітапханамыздың алтын  қорындағы  ескі,  құнды,  сирек кездесетін ерекше кітаптармен оқырмандарды  жақыннан таныстыру.

Шараға аудан тұрғындары, қонақтар, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен мекеме  қызметкерлері қатысты.

Кітап көрмесін аудандық орталық кітапханасының библиографы Гүлмира Бисембаева таныстырып, 1904 жылы жарық көрген әдебиеттермен қатар туған өлкеміз туралы ақпараттарды қамтыған кітаптар да көпшіліктің назарына ұсынды. Шара барысында көпшілік 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрген, Мұсылмандардың басты кітабы саналатын Құран кітабына ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ, оқырмандарға «Кітаптың шығу тарихы» тақырыбымен әзірленген бүктемелер таратылды.

Осылайша, шара соңында кітапхана директоры Нұргүл Мысаева көрмені тамашалауға келген барша оқырмандар мен қонақтарды «Ұлттық кітап күні» мерекесі жайында ақпараттандырып, рухани орда есігін ашқан әрбір жанға өз алғысын жеткізді. Сонымен қатар, қатысушылар да көрмені тамашалай отырып, ұйымдастырылған шара үшін кітапхана қызметкерлеріне өз алғыстарын жеткізді.

ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

 Өткен аптада аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимаратында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Мәртебелі кітап» апталығы  өз мәресіне жетті. Апталық соңы «Кітап – кемел болашаққа бастар жол» атты кітап бенефисімен тәмамдалып, белсенділер марапатталды

 

 

                  

Мәдени-танымдық іс-шараға кітапханашылар, мәдениет саласының қызметкерлері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Осылайша, шараны аудандық балалар өнер мектебінің ұстазы Нұрхат Кошкинбаев пен республикалық «Халық аспап» домбыра байқауының жеңімпазы Дәулет Жаныс ашып, қазақтың қара домбырасымен күй  күмбірлетті.

Одан соң аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Тілектес Шындаулова сөз сөйлеп, барша кітапхана ұжымы мен оқырмандарын Ұлттық кітап күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Құттықтаудан кейін  аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Қуаныш Үтеуова оқырмандарға «Оқуға құштар ұрпақ – жарқын болашақ» атты кітап көрмесімен таныстырса,  кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Ғажайып кітап әлемі» көрмесін аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Жанна Мусина таныстырып өтті. Сонымен қатар, балалар кітапханасының кішкентай оқырмандары көпшілік назарына «Кітап кейіпкерлерінің дефилесін» ұсынды.

Оған қоса шарада балалар өнер мектебінің ұстазы Әділжан Бакбергенов ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Таң» өлеңін нақышына келтіріп оқып берсе, балалар кітапханасының тұрақты оқырманы Айзере Дүсенбай «Туған өлкем» әнімен шашу шашты.

Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Нұргүл Мысаева сөз алып, айтулы мерекемен құттықтап, кітапхана оқырмандарына ризашылығын білдіріп, апталыққа белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Марапатталғандар арасында «Белсенді отбасы» номинациясымен Сабиля Қопай мен немересі Айзере Дүсенбай және «За творческое сотрудничество» (шығармашылық серіктестігі үшін) номинациясымен Любовь Бузулуцкая бар. Сондай-ақ, «Кітапхана түні» аясында өткізілген «QUIZ» интеллектуалды ойынына белсене қатысқан аудандық мемлекеттік қызметкерлер командасы, мәдениет үйінің командасы, кітапханашылар командасы және де «Озық ойлы оқырман» номинациясымен №2 Бадамша орта мектебінің оқушылары марапатталды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл «Ұлттық кітап күні» алғаш рет аталып өтілуде. Осыған орай 16-23 сәуір аралығында аудандық кітапханада республикалық «Мәртебелі кітап» апталығы өткен болатын. Апталықтың әрбір күнінде түрлі танымдық және әдеби іс-шаралар ұйымдастырылды.

Дайындаған Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА