ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН КӨПҰЛТТЫ ОТБАСЫ

ТІЛЕГІ – ТЫНЫШТЫҚ, ТІРЕГІ – ТАТУЛЫҚ
Мамыражай мамырдың алғашқы күнінде елімізде Бірлік күні атап өтіледі.
Бірлік пен ынтымақ – Қазақстан халқы үшін басты құндылық және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары. Тәуелсіз еліміздің тарихында 1996 жылдан бері кеңінен аталып өтілетін 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ел тұрғындарының басын біріктіретін айтулы мейрам.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұратын 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін патриоттық шерулер ұйымдастырылады.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен ХХХІV сессия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, тарихи мән-маңызы айрықша басқосумен құттықтады.
«Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», – деп атап өтті Президент.
Киелі өлке саналатын біздің ауданымызда да 17-ден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешуде. Осы орайда біз де тілі басқа болса да, тілегі бір көпұлтты отбасылар жайында айтпақшымыз.
Бізде «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген ұлағатты ұғым бар. Бұл халқымыздың қанға сіңген осы бір берік бірлігі, ұйымшылдығы өмірде жетістікке жетелеуде. Оның үстіне көпұлтты отбасы – ұлтаралық татулықтың дәнекері. Қазақтың кең даласынан қоныс тапқан өзге ұлт өкілдері бүгінде біздің өңірімізде де тату-тәтті халықпен бірге біте қайнасып, тіршілік өрбітіп, өмір кешуде. Солардың бірі – Довгалюктер отбасы.
Осы орайда біз де бейбітшілік мерекесі қарсаңында ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерлету мақсатында татулықты ту еткен көпбалалы отбасылардың бірімен әңгімелесуді жөн көрдік. Олай болса, Надежданың ұлты – қазақ болса, жолдасы Александрдың ұлты – украин.
Бұл отбасы қазіргі таңда Әлімбет ауылдық округінде тұрады. Александр мен Надежда бүгінде төрт ұл мен бір қызды тәрбиелеп, ер жеткізіп отырған көпбалалы отбасылардың бірі. Бұл отбасының отағасы Александр Довгалюк қарапайым жұмысшы, шаруа қожалығындағы түрлі техникаларды жүргізеді. Ал жұбайы Надежда (Урахаева) Довгалюктің мамандығы сатушы-аспазшы, алайда қазір бала күтіміне байланысты жұмыссыз, үй тіршілігімен айналысуда.
-Менің әкем – қазақ, ал анам – неміс ұлтынан. Ол кісілер ертеректе дүниеден өтті. Мен негізі өзім Ащылысай ауылдық округіненмін. Жолдасым Александр осы ауылдағы таныстарына келіп жүргенде танысып, содан 2012 жылы отау құрдық. Сол уақыттан бері қазір Әлімбет ауылдық округінде тұрамыз. Бүгінгі таңда екеуміз 5 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымыз,-дейді Надежда Довгалюк.
Иә, расында бұл отбасы көпұлтты. Бірақ олардың бұл ерекшелігі тату-тәтті өмір сүрулеріне кедергі емес. Олардың айтуынша барлық қарым-қатынастың бастауы – достық. Осы қасиет әулет ынтымағын жарастырып, бірлігін бекем етіп, көпке үлгі болуда.
Кейіпкеріміздің айтуынша жолдасы украин болғандықтан отбасындағы балаларының тілі мен тәрбиесі көбіне орыс тілінде екендігін жасырмады. Ынтымағы жарасқан шағын ауылда тұрып жатқандықтан, дегенмен де, балалары қазақы салт-дәстүрді де көріп өсуде. Ұлтқа бөліп жарудың қажеті жоқ, бастысы дұрыс тәрбие беру дейді олар.
Өмірдің әрбір сәтінде қол ұстасып бірге келе жатқан Александр мен Надежда үлгілі ата-ана. Ата-ананың басты қуанышы баласының жетістігі екені белгілі. Көпбалалы отбасы осы балаларының әрбір жетістігіне қуанып, бақытты ғұмыр кешуде.
Сонымен қатар, олар отбасыда ең бастысы сенім мен қолдаудың маңыздылығы зор екендігін айтады. Өйткені, қандай жағдай да бір-біріңді демеп, көмектесіп отырсаң, көптеген нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл әрине қазіргі жас отбасыларға да керегі осы дейді. Міне, қарапайымдылығымен тартымды болып отырған Довгалюктер отбасы шаңырағының бүгінгі жай-күйі осындай.