КӨШБАСШЫЛАР ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Өткен аптада аудан орталығындағы орта мектептерде жастарға арналған мотивациялық кездесу өтті.  

Кездесуге Қазақстан Халық партиясы «JAS ORTA» жастар қанаты төрағасының орынбасары Жоламан Асанұлы мен Қазақстан студенттер альянсының Ақтөбе облысы бойынша төрағасы Темірлан Алдажаров қатысып, жергілікті жастармен жүздесіп, ауқымды тақырыптарда әңгіме өрбітті.

Сондай-ақ, арнайы келген спикерлер өз ұйымдарының бағыттары мен маңызы жайлы кеңінен ақпараттар беріп, оқушыларды белсенді азаматтық ұстанымға, еріктілер жұмысы мен мектеп парламентіне белсенді араласуға шақырды. Оған қоса, жастар арасында жиі көтерілетін «Жеке брендті дамыту», «Мамандыққа баулу», «Қажетті дағдылар» сынды тақырыптар аясында тренингтер  ұйымдастырылып, өмірлік пайдалы кеңестермен бөлісті.

Басқосуда қазіргі қоғамдағы жастарымыздың бастамаларына қолдау білдіру мақсатында «Волонтерлік саласындағы менеджмент» бағытында арнайы дәріс оқылып, қатысушыларға нақты тәжірибеге негізделген ақпарат ұсынылды. Бұл бағытта Жоламан өз тәжірибесімен бөлісіп, волонтерлік жобаларды тиімді басқарудың тетіктерін кеңінен түсіндіріп берсе, спикердің бірі Темірлан жастарға өз ұйымының негізгі мақсат-міндеттері жайында баяндап, жеке брендті қалыптастыру мен дамыту жолында қандай қадамдар жасау керектігін нақты мысалдармен айқындап берді.

Осылайша, шара соңында аудан жастары мен қонақтар мұндай басқосудың өткізілуіне себепші болған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанға алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта осындай кездесулердің жалғасын табуына тілектестіктерін білдірді.   Себебі, жастар арасындағы қызығушылықтар мен бейімділікке дұрыс бағдар ұсыну, оның еліміз үшін тиімділігін көрсету, жастарды ұлжанды әрі білімді етіп тәрбиелеу қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Осы орайда ұйымдастырылған бұл кездесудің де жастар үшін берері мол.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

ТегтерКездесу