ҚОСЕСТЕК – ҚОНЫСҚА ЖАЙЛЫ МЕКЕН

Қосестек ауылдық округі Орск-Ақтөбе күре жолында орналасқан көркі мен дәулеті жарасқан, ауасы жанға жайлы елді мекен.
Ауылдың Қосестек аталуы әрі де жатыр. Ауыл атауын саралауды тарихшылардың еншісіне қалдырайық.
Осы бір сән салтанаты жарасқан ауылдық округтің әкімі Гүлжан Досмағамбетовамен сұхбаттасып, ауылдың тыныс-тіршілігін білген болатынбыз.
Ауылдық округте біраз жұмыстар жасалған, алдағы уақытта да жүзеге асырылатыны баршылық. Ендеше округте өткен жылдары қандай жұмыстар атқарылды, бағдарламалар бағыты қалай деген сұрағымыздың жауабын тарқатсақ.
Қосестек ауылдық округтің жалпы жер көлемі 68240 гектар десек, соның 9855 гектары елді мекен еншісінде. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі 54237 гектар. Ауылдық округтегі тұрғындар саны 1583 адам. Ауылда мәдениет үйі, мектеп, кітапхана, амбулатория, спорттық сауықтыру кешені, «Балауса» балабақшасы тұрғындар қажетіне жарап тұр. Ауыл ауыз су, газбен қамтылған. Ауылда отбасылық демалысқа қолайлы гүлзарлар мен саябақтар жасыл желекке бөленсе, балалар ойын алаңы да талапқа сай жасалған. Оған қоса түрлі спорттық шаралар да өткізіліп келеді.
Сөз арасында айта кетсек, осы өңірден жоғары дәрежедегі елімізге танымал спорт шеберлері шыққан. Сонымен қатар, ауылда шағын және орта бизнеске бет бұрып, нәпақасын тауып отырған шаруа адамдары да баршылық. Бұл өңірде 8820 гектар егістік алқап бар десек, 37 шаруа иелері еңбек етіп келеді. Жыл сайынғы көрсеткіштері де айтарлықтай, өйткені, еккен дәнді-дақылдарынан жылда әр гектарына 16-17 центнерден өнім алып келеді. Ауылдық округте 64 жеке кәсіпкер, 3 ЖШС, 1 ауылшаруашылық кооперативі бар. «Ауыл аманаты» жобасына өткен жылдың өзінде 19 адам құжат тапсырса, оның ішіндегі 16 адам жеңілдетілген несие алып, әр бағытта шаруаларын жүргізуде.
2023 жылдан бастап елімізде бастау алған «Күміс жас» жобасына сай ауылдағы 50-ден асқан 15 адам әр салада еңбек етуде. Сондай-ақ, әлеуметтік сала бөлінген жеңілдікті пайдаланып отырған ауылдықтарға жан-жақты көмек көрсетілуде. Ауылды абаттандыру барысындағы жұмыс та қарқынды қолдау табуда. Ауылдағы Сәрке батыр атындағы 7 гектар саябаққа 17 мың түп қара ағаштар егіліп, тұрғындар белсенділігімен күтіп, бапталуда. Өткен жылы «РемГорСтрой» ЖШС демеушілігімен ауыл ішіндегі 4 көше орташа жөндеуден өткізілді. Өткен 2020-2023 жылдар аралығында шамамен ұзындығы 7 шақырымды құрайтын ауыл ішілік 8 көше толық асфалтталып, түнгі жарық шамдармен қамтылды. Сонымен қатар, ауыл іргесінен өтетін Ақтөбе-Орск қаласын жалғап жатқан күре жолдың ауылға кірер бағыты толық асфальтпен көмкеріліп, түнгі шамдармен жабдықталған. Ауылда қылмыстың алдын алу мақсатында 7 бақылау камералары орнатылып, ең алғаш 2 камераға жеңіл-желпі бұзықтар ілігіп, бұл жағдай да өз пайдасын көрсете бастаған.
Ауыл әкімінің айтуымен қатар біздің байқағанымыз жасалған шаруа жетерлік, алдағы уақыт еншісінде жүзеге аспақшы жұмыстар да баршылық. Биылғы жылғы атқарылар шаруаның ең бастысы, ауыл тұрғындарына үрей туғызып жүрген қос ескі екі көпір сәтін салса, осы жылы толық жөндеуден өтетіндігі көңілге қуаныш ұялатуда.
Бір сөзбен айтқанда Қосестек ауылының қала деген дәрежесі жоқ демесең, жастар да қызығып, таза кәусар ауасымен демалатын нағыз жап жасыл желекке толы жанға жайлы ауыл дерсің.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»