Дәулет — әлемдік жарыстың жеңімпазы

Әуесқой бокс бойынша халықаралық ұйым — 1920 жылы құрылған AIBA (кейінгі жылдары IBA) Халықаралық Олимпиада комитетінің қырына ілінгені белгілі. Осыған байланысты бұл спорт түрінен түрлі деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру, боксты Олимпиада бағдарламасына енгізу секілді жұмыстарды қолға алу мақсатында 2023 жылы сәуірде World Boxing атты жаңа ұйым құрылған болатын. Екі жыл ішінде 89 елдің ұлттық бокс федерациялары осы ұйымға қосылып үлгерді. Ақпан айында ХОК-тың Атқару комитеті жаңа ұйымды Олимпиада қозғалысы аясында уақытша мойындап, боксты 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына енгізу туралы мәселе күн тәртібіне қойылды және ол оң шешімін тапты.

Жоғарыда айтқанымыздай, Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен 2025 жылғы Әлем кубогының бірінші кезеңі — WВ-ның ең алғашқы ірі жарыстарының бірі. Оған 19 елдің боксшылары қатысты. Бұл жарысқа Қазақстаннан, негізінен, жастар жіберілді. Олардың арасында ересектер арасындағы былтырғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, өңір боксының қазіргі көшбасшысы Дәулет Төлемісов те (85 кг) бар.

Дәулет жартылай финалда франциялық Абдулайе Траойемен жұдырықтасып, екінші раундта нокаутпен жеңіске жетті. Ақтық сындағы қарсыласы 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, өзбекстандық Акмолжан Исроилов болды. Дәулет оны 3-2 есебімен жеңіп, алтын жүлде иеленді.

Жарыста қазақстандық боксшылар барлығы 6 жүлде жеңіп алды. Ерлер құрамасы сапынан Дәулеттен кейін Нұрсұлтан Алтынбек те (55 кг) чемпион атанды. Ал Диас Молжігітов (80 кг) пен Даниал Сапарбай (+90 кг) қола жүлдемен оралды. Қыздар арасынан Жазира Орақбаева (51 кг) алтын медаль алса, Ұлжан Сәрсенбек (57 кг) қола медальға ие болды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан үшінші орын алды.

Ал Әлем кубогының келесі кезеңін жазда Астанада өткізу жоспарланған.

А.САРЫБАЙ.

aqtobegazeti.kz