Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

Ардақты аналар мен аяулы арулар!
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктеммен келген көрікті мерекеде бар жақсы сөзімізді сіздерге арнаймыз. Отбасының қамқоры, қоғамның тірегі, дәстүріміз бен құндылықтарымыздың қайнар көзісіздер. Сіздер мейірімділік, даналық, қамқорлық пен нәзіктігіңіз арқылы әлемді жарқын, әрі әдемі етесіздер.
Еселі еңбегімен, ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімі тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталды.
Биыл біз Кеңес Одағының Батыры, өшпес ерліктің иесі ұлы жерлесіміз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуын атап өтеміз. Мерген қыздың өнегесі сан мыңдаған қазақстандық үшін үлгі.
Өлкеміздің арулары қиындыққа мойымас мықтылығымен ерекшеленеді. Аймақтың дамуына үлес қоса отырып, жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беру, денсаулық сақтау, бизнес пен мәдениетте де абыройлы қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар аз емес. Жұмысшы мамандықтары жылы өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген ақтөбелік қыз-келіншектерге де ерекше құрмет көрсетеміз.
Қымбатты аналар, арулар!
«Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» деген сөз біздің өмірімізде әйел қауымының маңызды орнын айшықтайды.
Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, береке мен бірлік тілеймін!
Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!
aqtobegazeti.kz