Музей — өлке тарихы, халықтың қазынасы
Музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын мәдени орталық.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағылым алуға болады.
Осы орайда ағымдағы жылдың 3 қазан күні №1 Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының 2 «А» сынып оқушылары аудандық тарихи-өлкетану музейіне келіп, құнды жәдігерлер қатарымен танысты.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова ауданымыздың ерекше табиғатын, халқымыздың өнері мен тұрмысы жайында өткен тарихымыз бен мәдениетіміз жайында сыр шертетін 6 залды оқушыларымызға аралатып, көптеген қызықты ақпараттар берді. Сондай-ақ, «Археология» залының «Археологиялық ескерткіштері, ортағасырлық «Қызылтам» кесенесі, ортағасырлық «Нұрпейіс Хазірет» мешіті жайлы ақпараттар берілді. Ал, «Табиғат» залында біздің ауданымыздың көрікті жерлері мен жануарлары, құстары мен емдік қасиеті бар өсімдіктері жайлы мағлұматтар берді. Сонымен қатар, оқушылар «Тәуелсіздік» залындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауданымыздың құрметті азаматтары, «Білім, Мәдениет, Денсаулық» саласының үздіктері жайлы мәліметтермен де танысты.
Оған қоса оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында музей залдарында қызықты тапсырмалар беріліп, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өлкенің өткені мен бүгінін жалғап отырған рухани орыннан тамаша әсер алған №1 Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының оқушылары музей қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Расында, біздің өлкеміздің қойнауы тарихқа өте бай. Сондықтан да, өлкетанушылардың да, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары әлі де көп. Алдағы уақыттарда музей жәдігерлері толыға түсетініне кәміл сенеміз. Ендеше, алда да әлі талай шаралармен, болашақ ұрпаққа берер, көрсетер құндылықтары жетерлік. Және де тарихи музейдің айтар сыры әлі де көп демекпіз.
Жұлдыз КЕНЖЕ.