АУЫЛДЫҚТАР ҚОЛДАҒАН ЖОБА

«Ауыл аманаты» – жүзеге асырыла бастағалы өзінің тиімділігін көрсетіп келе жатыр. Сондай-ақ, бұл Президентіміздің сайлауалды бағдарламасына енгізілген жоба. Онда ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттырудың нақты және түсінікті тетіктері қарастырылған. Ең бастысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтің ауыл шаруашылық кәсібін дамытуға, ауыл халқының тұрымысын жақсартуға бағытталған.

         Жоба басталғалы тиімділігін ел көріп, қызығушылар қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың қатарында облыс бойынша алдыңғы үштіктен көрініп жүрген біздің ауданның  да еңбек  адамдары бар.

Біз де аталмыш жоба басталғалы, оның жемісін көріп, өз кәсіптерін бастаған жерлестеріміздің еңбектері жайында жазып, халықты құлақтандырып келеміз.

Бұл жолы биылғы жылдың басында жобаға 30 адам қатысып, құс пен мал бағуды қолға алған Степной ауылдық округінен бастауды жөн көрдік.

Бұл ауылдық округке қарасты Қайрақты ауылының  қос  мұғалімі Жолдас Нуркаев пен зайыбы Анжела Кожамсугурованың еңбегі жайында болмақ.

Жолдас Алмазұлы 1988 жылы  қазіргі Қайрақты ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан мал мен жердің берерін көзбен көріп өскен  азамат. Сөйтіп ат жалын тартып мінген жаста да ауыл тіршілігінен алыстап кете алмай, ауыл тіршілігіне бел шешкендердің бірі. Қайрақтыдағы орта мектепте білім алған жас жеткіншек, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын, есімі өзге одақтас елге мәлім болған Әлімбет ауылындағы №12 кәсіби- техникалық училищесінен «тракторист-машинист» мамандығын меңгеріп, өз  ауылына оралады.

Одан соң 2009 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін, яғни 2013 жылы Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы  университеттің «Дене шынықтыру және спорт» факультетін  сырттай оқып бітіреді. Сол аралықта 2010 жылы Қайрақтының қызы Анжеламен танысқан жас жігіт 2011 жылы отау құрады. Қазіргі уақытта жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп отырған жарасымды отбасы. Анжела мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі. Балаларға білім берумен қатар жұмыстан қолы босай қалса, отбасылық шаруаға да қолқабыс етеді. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздық пен кәсіпті қатар алып жүр. Ал қожалық иесі Жолдас нағыз шаруаға бел буған еңбек адамы, ауыл-аймаққа қайырымы мол азамат.

«Отан-отбасынан басталады» демекші, үлкен бизнес шағын отбасылық кәсіптен бастау алады. Осылайша, бұл отбасы да заман талабына сай іскерліктің көзін тауып, отбасылық кәсіппен айналысуды жөн көреді.  Өйткені, қазіргі таңда отбасылық кәсібін дөңгелетемін деушілерге мүмкіндік көп. Тек кез келген істің тетігін тауып, мүмкіндікті тиімді пайдалана білсе болғаны.

Осы орайда кәсіпке бет бұрған Жолдас пен Анжела ақылдаса келе, отбасындағы мал басын асылдандыруды көздейді. Сөйтіп олар мал шаруашылығын дамытуға ден қойып, төрт түліктің санына емес, сапасына мән береді.

Расында, мал басын көбейтумен қатар, оны асылдандыру өте маңызды шаруа.  Осы мақсатта  2015 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан  3 млн теңге  несие алып, оның 2 млн теңгесіне қашар малын, 1 млн теңгесіне жем-шөбін алып, шаруаға кіріседі.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасына да қатысып,  2024 жылы 3 млн теңгеге 100 гектар жерді жалға алып, оған 15 тонна дән сеуіп, бүгін де  нәтижелі өнімін де алып отыр. Оған қоса мал азығын да өздері дайындайды.

Төрт түлікті түлету – қашаннан қазақтың тұрмысынан ажырамас кәсіп. Онымен қоса, ежелден ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған.  Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруа­шылығы саласында, оның ішінде малды асылдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын бөлін­ген қаражаттың мөлшерінен-ақ қолдау­дың зор екенін аңғаруға болады. Оған шағын ауылдағы кейіпкерлеріміздің кәсібі де дәлел.

Жалпы айтқанда Жолдас әу бастан-ақ, жер мен малдың жайын жастайынан көріп өскен, оның үстіне ауыл шаруашылығы саласы мамандығын игеруі де септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ, Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған қолдаудың игілігі мен тиімді жобалардың нәтижесін көріп отырған қарапайым ауыл азаматының жетістігі әлі алда. Осы орайда біздің де айтпағымыз, ауыл жанды азаматтың отбасылық тіршілігі өзгелерге  де үлгі болса дейміз.

Бақыт ИМАШЕВ