Қаламгер – руханият шырақшысы

Өткен аптада Петропавл ауылдық модельді кітапханасында “Оқитын өлке-2025” облыстық акция аясында Ақтөбе топырағынан шыққан сатирик жазушы, журналист Табыл Құлиястың туғанына 90 жыл толуына орай  «Қаламгер және ақпаратшы» атты әдеби кеш өтті.

Шараның мақсаты — оқырмандарға облысымыздан шыққан жазушының өмір жолымен және де  шығармашылығымен таныстыру.

Әдеби кешке «Жас кітапқұмар» клубының мүшелері қатысты. Аталмыш шара барысында кітапхана меңгерушісі Адина Тлепиева қатысушыларға Табыл Құлиястың өмірі мен шығармашылығы жайында баяндама жасап, оның мол мұрасы туралы оқырмандарға таныстырды.

Атап айтар болсақ, Табыл Құлияс 1935 жылы 15 желтоқсанда Ойыл ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Бала күнінен-ақ республикалық «Қазақстан пионері», «Пионер», «Лениншіл жас» басылымдарында мақала, өлеңдері жарық көрген. Сондай-ақ, Ойыл аудандық газетінде, облыстық «Көкшетау правдасы», «Еңбек туы» газеттерінде қызмет етіп, 1970 жылдан бастап алдымен республикалық телерадионың Торғай, Ақмола облыстарындағы меншікті тілшісі, кейіннен қазақ телевидениесінің насихат редакциясында редакторлық қызмет атқарған екен.

Осылайша, оқырмандар жазушының шығармалары туралы ой-пікірлерін ортаға салып, өзіндік ой толғанымдарын баяндап берді. Солардың бірі жазушының «Жегіқұрт» кітабын оқыған  оқырман Гаухар Құлымбетова былай дейді.

-Табыл Құлияс сатирик, фельетон жанрда шығармалары көп жазушылардың бірі. Сатира жеке адамның басындағы кішкентай кемшіліктерінен бастап, бүкіл қоғамдық мәселелерді сынға алады. Халықтық дертке айналып бара жатқан адамзаттық проблемалардың бірі – жемқорлық жайында болса. Бұл мәселелерді жазушы Табыл Құлиястың сатирасынан аңғаруға болады. Бұл кітап шығармаларының өткір ащылығымен қалың оқырманға танылған. Кейіпкерін ойландырып, жамандық жолдан айықтыруға фельетоншы көп еңбек сіңірген. Нәтижесінде сол қаламгерлігі бағаланып Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы журналистік сыйлықтың иегері, өзі туған Ойыл ауданының құрметті азаматы атанған. Сатириктің шығармалары өмірдегі нақты деректерге құрылып, шынайы шындықты көрсетеді,-дейді оқырман.

Иә, расында «Дүниеде жақсының аты өлмейді» демекші, Табыл Құлияс — туған жер тарихына, Ақтөбе өңірінің тұлғаларына қатысты үлкен ізденістер жүргізген қаламгер. Жиенғали Тілепбергенов туралы «Аңыздың ізімен» атты роман жазды. Белгілі жырау әрі ержүрек батыр Жиембет Бартоғашұлы жайлы «Жиембет батыр» атты роман-эссесі 2013 жылы жарыққа шықты. Сондай-ақ жазушы еліміздің және Ресейдің архивтерінен өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық, сталиндік репрессияға қатысты материалдар жинақтап, көптеген еңбектер жазды.

Жазушы мұрасы кеңінен насихатталып, шара соныңда оқырмандарға «Ұрпақ үшін жазылған дүние» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Нұрлан ЖҰМАҒАЛИЕВ                           

 

 

ТегтерӘдеби кеш