2025 ЖЫЛЫ ҚҰЖАТ ЖАСАТУ ҚҰНЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан хабарланғандай, 2025 жылдан бастап елде айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге өсті.

Осыған байланысты мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да өзгерді.

Төлқұжат жасату құны:

  • 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
  • Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 31 456 теңгеге өседі.
  • 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болады.

Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ ел азаматтары қосымша ақы төлеп, төлқұжатты тезірек ала алады.

Жеке куәлік жасату құны:

Тұрғындар жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі керек. Бірақ жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлеуге мәжбүр болады.

Жеделдетіп әзірлеу:

Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары үшін: 1 жұмыс күнінде әзірлеп беру — 3 372 теңге, 3 жұмыс күнінде дайындап беру үшін — 1 771 теңге.

Облыс орталықтары үшін: 3 жұмыс күні — 3 372 теңге. 5 жұмыс күні — 1 771 теңге.

Аудандар мен облыс қалалары үшін: 7 жұмыс күні — 605,31 теңге.

Еске салайық, «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға сәйкес, биыл 1 айлық есептік көрсеткіш (АЭК) 3932 теңге болып бекітілді. Өткен жылы 1 АЭК 3692 теңге болған еді.

Енді туу туралы куәлікті ХҚКО-ға бармай-ақ алуға болады

Әділет министрлігі 2025 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы азаматтарға туу туралы куәлікті жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Жаңа пилоттық жоба аясында, АХАТ органдары берген электронды құжаттар бойынша – туу, қайтыс болу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер мен анықтамалар бойынша электрондық апостильді қолдануды дамыту жоспарланған. Аталған өзгерістер азаматтарға аталған құжаттарды алуға және оларға бір өтініш шеңберінде апостиль қоюға мүмкіндік береді. Бұл қызметке 2025 жылдың төртінші тоқсанында қол жеткізіледі.

«Сондай-ақ заң көмегін көрсету саласында Әділет министрлігі 2025 жылы Атқарушылық жазба жасау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, ол «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе» ақпараттық жүйесіне талаптардың даусыз екендігі және борышты тану, борышкердің жеке кабинеті арқылы қарсылық беру туралы растайтын құжаттарды салуды, сондай-ақ нотариустың борышкердің (жеке немесе заңды тұлға) тіркелген жері бойынша ғана атқарушылық жазба жасауын көздейді», делінген хабарламада.

Бұл бастамалар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыруға, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.