2024 жылы облыс халқын газбен қамтамасыз ету деңгейі 95,6%-ға жетті

Өткен жылы Ақтөбе облысының елдімекендерін көгілдір отынмен қаматамсыз ету мақсатында 21 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлінді. Ақтөбе облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше аталған жобалардың 8-і толығымен аяқталып, 13 жоба 2025 жылға ауыспалы боп қалды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елді одан әрі газдандырудың маңыздылығын атап өтті. Тапсырманы орындау шеңберінде Ақтөбе облысының 2022-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Сол жоспарға сәйкес өткен жылы облыста 8 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде газбен қамтылған облыс тұрғындарының саны 887 мыңнан асты. Бұл өңір халқының 95,6%-ы»-деді басқарма басшысы Арысұлан Айтбаев.

Сонымен қатар, 2024 жылы Ақтөбе қаласына магистральды газ құбырының үшінші тізбегін салу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта құбыр желілерін газбен толтырып, жұмыс қысымына келтіру шаралары жүргізілуде. Бұл жоба өткізу қабілетін сағатына 526,5 мың м³-ке арттыруға мүмкіндік береді.