ҚАРТТАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРЫНЫ

Әлбетте,  «Қарты бардың қазынасы бар» деп жиі айтып жатамыз. Солай десекте қоғамдағы түрліше түсінік, көз қарасқа қарап, қазынамыз деген қадіріне жеттік пе? Төрде отырып, төрелік айтатын төрелерімізі төмендетіп алған жоқпыз ба? Алатаудай  ақылшыларымыз азайып қалмады ма? Атаның айтқанына, кейуананың кеңесіне құлақ түріп, құп  алатын жастар бар ма? деген сұрақтарда мазалап жатады.

Қалай десекте үлкендердің үні, бағыт-бағдары қай қоғамда да құндылығын жоғалтқан жоқ. Әсіресе, қазіргі заманда заман дамыды, ғаламтор ғажайып дегенмен онда да  жаңсақ кетіп, білмей шатастырар тұстары көп.

«Ақылды қария, ағып жатқан дария» деп санамызға түйген қазақ ұрпағымыз. Бүгінгі қоғамда да өз ісі, өнегесі мен көрегенділігімен барын айтып, білгенін үйретіп жүрген қария, кейуаналар алдыңғы буынның жалғасы. Арамызда жүрген  көненің ізбасары іспеттес аға буынның ақыл парасытына кейінгі  ұрпақ қашан да мұқтаж.

Қазақ үлкенді сыйлауға әсіресе, қарттарды құрметтеуге ежелден көңіл бөлген халықпыз. Себебі, «ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық» деген бар. (Алайда бес саусақ бірдей емес, әттеген–айлар да кезігіп жататынын да жасыра алмаймыз.)

Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әртүрлі қартайатыны да заңдылық. Бүгінгі таңда елімізде қарттарға деген қамқорлық жан-жақты қарастырылған. Қарттар да қал-қадірінше қоғамдық жұмысқа қатысып, жастарға ақылшы болып келеді.

Соның бірі біздің аудандағы қарттардың жай-күйін сөз етсек. Аудан орталығы Бадамшада 55 жастағы егделерден бастап жүріп тұратын қариялар үшін  әлеуметтік  бөлім қаржыландырған  денсаулықты оңалту  шағын орталығы жұмыс жасап келеді. Оған 50-ден асқан үлкендер қатысып, түрлі ем, серуен, қол өнері, флешмоб, орыс, қазақ, ағылшын тілдерін үйреніп т.б. қызықты іс-шараларға тегін қатысып, демалып, дастархан басында шүйіркелесіп, күнделікті уақыттарын тиімді өткізеді.

Бұл орталықта аталарымызға қарағанда ақ жаулықты әжелеріміз белсенділік танытуда.  Дей тұрғанмен қарияларымызға бұл орталықта жақсы жағдай жасалған. Сондай-ақ, қарттарымыз  кітапхана мен білім ұйымдарында өткізілетін қоғамдық іс-шараларға шақырылып, онда түрлі тақырыптағы мәселелерді жастар арасында талқылап, кездесулерге қатысып отырады.  Ал мекеме-кәсіпорын ұйымдары қарттарымыздың кәсіби мерекелерінде ардагерлерімізге құрмет көрсетеді.

Сонымен қатар, ауданда ардагерлер кеңесі, ауылдық округтерде ақсақалдар кеңесі жұмыс жасайды. Аудан қарттары да  қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өлкеміздегі жасалып жатқан бастамаларды қолдаушы, атқарылар істерге ақылшы, оған қоса аудандық қоғамдық кеңеске мүше қартарымыз да баршылық. Ал ауылдық округтердегі қариялар еңбек жолында әлі де еңбек етіп, дала жұмысының қыр-сырын ұрпақтарына үйретуде. Және де әр округтің мәдени ошақтарында ардагерлерден құрылған шағын вокалдық топтар ауыл, аудан көлемінде өнер көрсетіп жүр.

Осы орайда айта кететін болсақ, аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бірлігіміз жарасқан» көпұлтты көркем өнерпаздар тобындағы «Ақпейіл әже», «Freude», «Славяночка» вокалдық топ мүшелері кезінде әр салада еңбек еткен әжелер жараса ән шырқап, аудан тұрғындарының ықыласына бөленіп келеді. Ауданда батагөй ақсақалдар да бата сайысына қатысып,  жүлделі орынға ие болып, кейінгі ұрпаққа үлгі болуда. Спорттан да қарияларымыз құр алақан емес. Олар жастарды баулып, өздері де шаршы алаңнан кетпей жүрген болаттай берік ата мен әжелер қауымы аудандық спартакияларда жастар қатарында тұрғандары жастарға жігер беріп шыңдауға бірден бір себепші. Оған дәлел аудан жастары түрлі спорт түрлерінен обылыс асып, халықаралық аренада жүлделі орындарға  қол жеткізуі де аға буынның шыңдауы деуге де болады. Бір сөзбен айтқанда аудандағы қай мекеме ардагерлері болмасын қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ақыл-кеңестерін айтудан кенде емес.

Сайып келгенде әр қарияның қоғамда алар өз орыны, айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар екенін өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Арамызда жүрген арқа сүйер қарттарымыздың өзі көңілге демеу. Тек соны бағалау кейінгі ұрпақтың міндеті. Бүгінгі жас буын ертеңгі қариялық жолға бастайтынын ескерсек, қазыналы қарттардың қадірінен айырылып қалмасақ болды дегіміз келеді.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

ауданның «Құрметті азаматы».