Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуы

Мемлекетті өркендету, дамыту бағытындағы ең жауапты іс-мемлекеттік қызметшілерге жүктелетіні мәлім. Мемлекеттік қызметшіге неғұрлым осындай жоғары талап қойылса, оның құқықтарының қорғалуы және әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы да тиісті деңгейде болуы шарт. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласындағы маңызды принциптердің бірі — ол мемлекеттік қызметшінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы болып табылады.

Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінің басым бағыттарының біріне мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау жатады.

Осы бағытты жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша Департаментімен ағымдағы жылдың басынан мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыттары бойынша бірқатар талдаулар жүргізілді. Оның бірі мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру мен іссапар шығындарын төлеу мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижесінде өңірдегі мемлекеттік органдардың 90 мемлекеттік қызметшісінің құқықтары бұзылғаны анықталды.

Дәлірек айтқанда, мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары заңнамада бекітілген мөлшерге сәйкес толық төленбеген. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге алдын-ала жоспарланбаған іссапарға шыққан жағдайда қаржының бөлінбеуіне байланысты іссапар шығындары мүлдем төленбегендігі анықталды. Талдау нәтижесінде анықталған аталмыш кемшіліктер  Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесте қаралып,  90 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

Cонымен қатар, Департаментпен жұмыс уақыты режимінің сақталуына қатысты жүргізілген талдау нәтижесінде де 117 мемлекеттік қызметшіге үстеме жұмыстар атқарғаны үшін тынығу сағаттары берілу арқылы құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғаудың басқа да құралы оларға икемді жұмыс кестесін және қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндіктерін қолдану болып табылады. Атап айтқанда, бұл жұмыс берушінің келісімі бойынша қызметкерге жұмыс күнінің басқа тәртібі белгіленуі мүмкін. Мысалы мемлекеттік қызметші баласын таңертең немесе кешке балабақшадан алып кету үшін  аталған режимді белгілеу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Мұндай мүмкіндікті  2024 жылдың басынан бастап 21 мемлекеттік органның 52 мемлекеттік қызметшісі пайдалануда.

Өз кезегінде, аталған бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыру айрықша маңызды, өйткені олар мемлекеттік қызметшілер арасында заң үстемдігі, әділеттілік үстемдігі қағидатын бектіуге және мемлекеттік қызметке сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай айтқанда мемлекеттік қызметшілердің еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.  Департамент тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша бірқатар талдаулар осы мақсатта да жүйелі жүргізіліп отырады.

А.ШІЛМАНОВ,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің

басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы