ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ

Ұлт санасының бостандығынан асқан бақыт болсын ба? Тарих толқынындағы жанға сызат түсірген жылдардың тізбегі көңілден көшпейді, санадан өшпейді. Кісінің түрмеде қалғанынан гөрі адам ойының, ұлт танымының абақтыға қамалғаны – ауыр трагедия. Ондай қасіретті ешбір елдің басына салмасын…

Бодандық қамыты талай жастың жанын ауыртты, жүйкесіне салмақ түсірді. Ұйқыдағы аю да қыс біткесін көзін тырнап ашып, тіршілікке қарайды, оянады. Құлдықтың жүгенінен құтылғысы келген жастардың жанкештілікпен тұяқ серпуі – үйретілмеген асаудың аспанға атылуымен тең. Жылқы мінездес халықтың жаңа бір бұлқынысы. Бұл – сана еркіндігінің көрінісі. Азаттыққа деген талпыныс. Жастардың көкейін тескен азаттық рухы ұлттық мұратпен астасып жатыр.

Сексен алтының желтоқсаны талай өнер адамының санасына сәуле түсіргенін қамыққан көңілді демейтін, жабыққан жүректі емдейтін қадамдарынан да аңғаруға болады Сана төрінде азаттық үстемдік құрды. Көңілдің көзі ашылды. Әйтеуір, тарихы мыңжылдықтармен сабақтасып жатқан бабалар аманатына деген адалдықтың оты ұшқындап тұр.

Иә, жөнсіз жағылған күйе мен жалған сөз композиторлардың да ойын дүр сілкіндірді. Қанға бөккен қаладағы көрініс Әбиірбек Тінәлінің шабытына шоқ түсірді…

Көмейге тығылған ащы бір өксік әлдебір әуенді дүниеге әкелген сыңайлы. Аза тұнған әннің ыңылы жанын жай таптырар емес. Жүрегі өртенген өнер иесінің ыңылынан өкініштің табы айқын сезілетін секілді. Ұлттық трагедияға ұласқан оқиғаға жанарын шық жуған ол бейжай қарай алмайды. Әнмен болса да азаматтық ұстанымын естіртуі керек. Олай етпесе болмайды.

Композитордың ішкі әлемі алай-дүлей күй кешіп жүр. Бірақ Алматыға жақындау мұңға айналған. Өзекке түскен өкініш оты өртей түскені сөзсіз. Сол кезде ағасы Әбдірахман Асылбекті кездестіреді…

Жанарын мұң торлаған інісінің күйзелісін ақын ағасы әп-сәтте сезгеніне ешкімнің таласы жоқ. Әбекеңнің ыңылы жаңа әннің дүниеге келетінін аңғарта түскен. Бірақ ашық жазу, ашып айту – өзіңді оққа байлаумен пара-пар. Сондықтан да жалған пафостан ада мәтін керек. Әйтеуір шер басқан көңілді жібіту қажет. Інісінің жан әлеміндегі рух азаттығын бірден түсінген ақын ол күткен мәтінді жазды. Алайда әннің мәтіні 1969 жылғы желтоқсанның ызғарымен сабақтасып жатса да, түпкі мәні көпшілік үшін түсінікті еді…

Рас, «Желтоқсан желі» – еркіндік жыры, азаттыққа ұмтылған әрбір адамның көңілін тербеген гимні.

«Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ,

Көрінді шын-ақ айбарлы.

Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені,

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілде мұңды із қалды»,

деп басталатын әннің алғашқы шумақтарының өзі жаныңды аяздай қари түседі. Ал бұл әнді автордың орындауында тыңдасаң тіпті жаның түршігеді. Азалы үн, жаныңды бөлшекке бөлген мұң…

Әсілінде, бұл әнді сандаған әнші орындаған шығар. Әркімнің өз үні мен артықшылығы бар екендігіне күмән жоқ. Бірақ өзі жазған туындыны дәл Әбиірбек сияқты сезініп шырқау қиын сияқты көрінетіні рас. Әбиірбектің даусындағы діріл сол Желтоқсанды көз алдыңа әкеле береді. Еркіндікке ұмтылған Қайраттың қанатын қайырған қандықолдардың әрекетінен жирене, жиіркене түсесің.

«Өрімдей жастардың әділдік іздеген шағы еді ғой. Бойында күші тасыған біздің де жастық дәуреніміз есте. Басылымнан оқыған жалған ақпарат жанымызды өртеп барады. Жабылған жала атаулы кімді де болсын күйзеліске түсіреді. Әннің мәтінін ашық жазуға болмайтынын біз саналы түрде түсіндік», дейді композитор.

Желтоқсан айы жеткенде Әбиірбектің әні еске түсе береді. Жоғалған жылдарға ашынып қарағандай боламыз. Жүрегімізге әлдебір мәңгілік өкініштің алауы түсіп кеткендей күй кешеміз. Бірақ сол жылдардағы барлық трагедия ел тәуелсіздігінің бастауы болғанын түсінгенде бойымыздан бір ауыр жүк түскендей болады…

Талай әнімен тыңдарманының санасына ой салған Әбекеңнің орны биікте екеніне ешкімнің таласы жоқ. Атақ жағынан алысқа кетпесе де, әндері Әбиірбектің атын ел ішінде биікке көтеріп тұратыны сөзсіз. Өйткені «Желтоқсан желі» – ел жадынан өшпейтін шоқтығы биік шығарма.

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,

egemen.kz