Өз ісінің нағыз маманы

Айдай Танирбергенова есімі өңіріміздің денсаулық сақтау саласында етене таныс. Саналы ғұмырында айналасына мейірім шуағын төгіп, денсаулық саласындағы нәтижелі еңбегінің арқасында қаншама науқасқа шипа дарытты.

 

Айдай Биляйкызы – 1975 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген соң, Қобда ауданының Жиренқопа ауылының учаскелік ауруханасына жолдама алады. Кейін 1976 жылдың қыркүйек айында тұрмыс құруына байланысты, өз еңбек жолын 1977 жылы біздің аудан орталығындағы ауруханада «офтальмолог» дәрігері лауазымында жалғастырады.

Ақ халат кию бір бөлек, ал, оның жауапкершілігін көтеру бір бөлек дүние. Алдыңа дертіне дауа іздеп келген адамды қабылдап, оның көңіл-күйін бағып, мүмкіндігінше сауығып кету үшін аянбай еңбек ету ол өте білімділікті талап етеді. Осы орайда Айдай дәрігердің сіңірген еңбегі орасан зор. Табанды қызметі мен жауапты еңбегінің арқасында  алған марапаттары да аз емес.

Атап айтар болсақ, 1996 жылы Медицина қызметкерлер күніне орай «Құрмет грамотасымен», 2000 жылы медицина қызметкерлер мерекесіне орай денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және ҚР денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы атынан Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған. Сонымен қатар, аудан, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен де бірнеше рет марапатталған білікті маман.

Дәрігер — адам өмірінің арашасы. Басымыз ауырса, алдымен ақ халатты жандарды іздейміз. Өз ісінің шебері, білікті маманы қай уақытта да халықтың ыстық ықыласына бөленеді.

Айдай дәрігер — сондай жанның бірі. Ол ауданымыздағы заманауи денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосып, үлкен еңбек сiңiрген өнегелi дәрiгер. Сондықтан да, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі нағыз еңбектің нәтижесін көру мақсатында тынымсыз ізденіс жолында жүреді.

Бақыт ИМАШЕВ.

ауданның «Құрметті азаматы».