ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ЕЛЕНГЕН ЕЛ АҒАСЫ
Адам баласы дүниеге келгеннен кейін, ақ адал еңбек етіп, туған елі мен өскен жеріне өмірі мен өнегесі арқылы сыйлы, ардақты болар азамат атануға талпынуы – өмір заңдылығы мен адамдық қасиеттің мәні болса керек.
Расында, еліне елеулі еңбек етіп, бақытын еңбектен тауып, кәсібін ашып, нәпақа тауып жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында бүгінгі біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де бар. Ол ауылына еңбек етіп, таңмен таласа тер төккен жанның бірі. Әрине, қандайда еңбек адамы болмасын жастар арасында көпір болып, сабақтастық жібін үзбей, айтары көп өнегелі аға буынның қай кезде де қоғамдағы орны орасан.
Солардың бірі де бірегейі Сисенбай Байтурин. Ол 1959 жылы 11 сәуірде (кезіндегі Ленин ауданы) қазіргі Қарғалы ауданы, (кезіндегі Херсон) қазіргі Ақжайық ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз бар ғұмырын өз ауылының өркендеуіне үлес қосқан азамат.
Велихов ауылынан орта мектепті бітіріп, Әлімбет техникалық училищесінен ауыл шаруашылығы саласының маманы бойынша білім алған. Сондай-ақ, Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, еңбек жолын 1982 жылы Чапаев ұжымшарында (учетчик) яғни, қазақы айтқанда егістікте өлшеуші болып 1996 жылға дейін еңбек етеді. Жердің қыр-сырын меңгерген маманға сол жылы егістік бригадирі лауазымы тапсырылып, 2022 жылға дейін мінсіз қызмет атқарады. Білімді де білікті маман, сол жерден абыройлы зейнеткерлік демалысқа шығады.
Еңбекпен есейген ел ағасы зейнетке шыққаннан кейін де, 2023 жылға дейін «Велихов» ЖШС-де еңбек етіп келді. 1983 жылы жары Гүлайым Қыстаубайқызымен отау құрып, отбасында ұл мен қыздың ата-анасы атанады. Зайыбы да отбасы құрған кезінен өмірінің соңына дейін «Велихов» ЖШС-де қойма меңгерушісі болып еңбек етіп, 2022 жылы дүниеден өтеді. Ерлі-зайыпты екеуі де бір ұжымшарда қызмет еткен нағыз еңбек адамдары. Қазіргі уақытта Сисембай ұл мен қызынан немере сүйіп, олардың шаттығына бөленіп отырған бақытта ата.
Еңбегіне қарай қол жеткізген жетістіктері де баршылық. Қазіргі кезде ауыл жастарына ақылшы, қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Сондай-ақ, болашаққа сеніммен қарайтын еңбек адамы бүгінде ел ағасына айналып отыр.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ