Күй құдіретіне құрмет

 Өткен аптаның сейсенбісінде аудандық мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай «Күмбірлеген күміс күй» атты облыстық күйшілер байқауы өтті.

Күй өнерін дәріптеу мақсатындағы байқауға облысымызға қарасты Ырғыз, Байғанин, Мұғалжар, Шалқар, Мәртөк, Алға, Ойыл және Қарғалы аудандарынан 8 үміткер қатысып, өзара бақ сынасты.

Аталмыш өнер додасы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Байқаудың мақсаты – қазақтың күй өнерін кеңінен насихаттау, күй мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. Домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдау. Өнер әлемінде жас домбырашылардың есімдерін таныту.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков өзінің лебізін білдіріп, күй өнерінің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Күйшілердің өнерлерін әділқазылар алқасы бағалады. Атап айтар болсақ, оның құрамына әділқазылар төрағасы ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Күйшілер одағы» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, күйші Талап Хамзин,  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Тілектес Шыңдаулова, жас ақын, күйші, аудандық балалар өнер мектебі директорының орынбасары Жомарт Баймұхан төрелік  етті.

Сахнаға ең алғашқылардың бірі болып Шалқар ауданынан келген Бекнұр Ыбырайымов көтеріліп, елімізге танымал  Қаршыға Ахмедияровтың «Той күйі» атты  шығармасымен орындап, тыңдармандарды домбыраның қоңыр үніне бөледі.

Қатысушылар 2 кезең бойынша сайысқа түсіп, әрбір қатысушыға 2 күйден орындау мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде облыстық күйшілер байқауының Бас жүлдесі Ырғыз ауданынан келген өнерпаз Әлқадыр Шайқақовқа бұйырып, 150 мың теңге сыйақыға ие болды.

Ал І орынды Мәртөк ауданының өнерпазы Шабай Азирбаев иеленіп,  100 мың теңге сыйақыға ие болса, ІІ орынды ауданымыздың намысын қорғаған  Нұрхат Көшкінбаев иеленіп, 70 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Байқаудың ІІІ орын жүлдесін Байғанин ауданының үміткері Елдос Бекғұлов иеленіп, оған 50 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды. Жеңімпаздармен бірге өзге де қатысушылар қаржылай сертификаттармен марапатталды.

Музыка мәдениетінің ішіндегі күй өнері – ертеден келе жатқан және кең тараған өнер түріКүй –атадан балаға жетіп, қадірлеп, көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы – осы сайыс деп айтуға болады. Өйткені, ұлттық өнерімізді ұмытпай, дәріптеу мақсатындағы ұйымдастырылған өнер додасы жоғары деңгейде өтті.

Бақыт ИМАШЕВ