МЕРЕЙЛІ МЕЗЕТ

Жыл сайын елімізде қараша айында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні атап өтіліп келеді. Бұл мерекенің мән-мағынасы зор. Өйткені, егінін баптаған диқанның да, мал жайған малшының  да, қара жер мен маңдай тердің несібесі үшін таңның атысынан күннің батысына дейін талмай еңбек еткен жандардың жыл бойғы бейнетінің зейнетін көріп, қорытынды шығаратын шағы.
Олай болса, мерекеге орай ауыл еңбеккерлерінің нәтижелі жетістіктері мен оларға көрсетілген құрмет жайында баяндамақшымыз. Ең бастысы біздің диқандарымыз бен шаруаларымыз бұл мерекеге биыл айтарлықтай табыспен жетті.

КҮЗДІҢ СОҢҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінің алаңында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Бұл жәрмеңкеде ауданға қарасты барлық елді мекен өздерінің өнімдерін ұсынып, белсенділік танытты. Аудан тұрғындары мен қонақтары табиғи әрі балғын өнімдерге ертемен асыға келіп, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер өндірген азық-түлік тауарларын тиімді бағамен сатып алуларына мүмкіндік жасалды. Жәрмеңкеге  ет пен құс және де май, қаймақ, ірімшік сынды сүт өнімдерімен қатар, бал, жартылай фабрикатты, т.б. өнімдер қойылды.

Нақтырақ айтар болсақ, ауыл шаруашылық өнімдерінің ішінде, 2 ірі қара мен 1 жылқы, 4-5 бас қой еттерімен қатар 4 шошқа еті, 200 келіден астам құс еті және де 100 келідей табиғи бал, 100 литрге жуық сүт өнімдері, сондай-ақ, одан өзге де  көптеген өнімдер бар.

Күзгі жәрмеңкенің соңы болған соң ба, жиналған халықтың қарасы көп болды. Тұрғындар арасында ет, құс және сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғарылығы байқалды.

Расында, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін тұрғындардың асыға күтетіні жасырын емес. Өйткені, жәрмеңке халықты әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында ұйымдастырылса, ал тұрғындар табиғи өнімдерді қол жетімді бағада алып қалуға тырысады. Ең бастысы табиғи да сапалы өнімге деген сұраныс қай кезде де жоғары бола бермек.

АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

 

Мемлекетіміздің дамуы мен ауылымыздың өркендеу жолында дала еңбеккерлерінің үлесі зор. Осы орайда өткен жұма күнгі жәрмеңкеден соң, төрт түлік малды түлетіп, жер ананың бетіне жасыл егін егіп жүрген ауыл шаруашылығы саласының мамандары ардақталып, аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен кәсіпорын басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Мәдениет үйінің фойесінде өнерлі өнерпаздарымыз мереке иелері мен қонақтарды домбыра, баян әуенімен қарсы алып, аудандық музей, балалар өнер мектебі мен жергілікті кәсіпкерлеріміздің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.

 

Сахна шымылдығы «Ұшқын» халықтық жастар театрының сахналық қойылымымен ашылды. Театр өнерпаздары ауылдағы қарапайым шаруалар бейнесін шебер сомдаса, Дулат Қартаңбай «Қырманға кел қалқатай» әнін нақышына келтіре орындап, қыздарымыз мың бұрала би билеп, көпшіліктің ерекше қошеметіне бөленді.

Одан соң аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев аталмыш сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

-Құрметті ауыл шаруашылығының ардагерлері мен еңбеккерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Бұл сала мемлекетіміздің қолдауының арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасының дамуы мен ауыл тұрғындарының әл ауқатын арттыруда жетекші күшке айналды. Осындай жетістіктерге жетуімізге атсалысып, тер төккен баршаңызға Отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табанды еңбектеріңіз бен өз істеріңізе адалдықтарыңыз, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Шаруаларымыз демалыссыз, таң атқаннан кеш батқанша дейін талмай еңбек етті. Нәтижесінде, аудан еңбеккерлері биыл жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалар да тиімде жүзеге асырылуда. Осы орайда Сіздердің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді деп атап өтті,-аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының дамуына, ауданның экономикалық және әлеуметтік саласының өркендеуіне үлес қосқан бір топ азаматтарға алғыс хаттар табыс етті.

Атап айтар болсақ, облыс әкімінің алғыс хатымен Қосестек ауылдық округінің «Ақ бидай» шаруа қожалығының басшысы Юрий Сенич, Ауыл шарушылығы басқарма басшысының алғыс хатымен көпжылдық еңбегі үшін Степной ауылдық округінің ауыл шаруашылық саласының ардагері Жақсылық Нағыметов пен дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамытқаны  үшін Желтау ауылдық округінің «Медовик» шаруа қожалығының басшысы  Александр Сенацкий марапатталды.

Сонымен қатар, еңбегімен көзге түсіп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан 13 адамға аудан басшысы өз атынан алғыс хаттар табыс етті. Оған қоса салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков Ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі үшін аудан еңбеккерлеріне «Үздіктер» номинациясы бойынша І және ІІ дәрежелі арнайы дипломдармен марапаттады.

«Еңбек – ер қылады» дейді халқымыз. Сондықтан да тіршілікте бағы жа­нып, абыройы асқандардың бар­лығы да қажырлы еңбекпен биікке жеткен адамдар, асыл азаматтар. Мерекеде осындай еңбек адамдарына да құрмет көрсетілді. Нақтырақ айтар болсақ, Бадамша  ауылдық округіндегі «Көктем» шаруа қожалығының механизаторы Өмірсерік Мырзагалиевке, Желтау ауылдық округінің жеке кәсіпкері Ольга Кофлерге, Велихов ауылдық округіндегі «Рождественка» шаруа қожалығының басшысы Григорий Сахановскийге «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловтың Алғыс хатын  «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының төрайымы Надежда Заглядова табыстады.

Осылайша, еңбеккерлер елін берекеге толтырып, Қарғалының қазынасын арттырған ауыл шаруалары құрмет төрінен көрініп, марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Мерекелік іс-шара аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Кеште Ерболат Қазыбаев, Лариса Аманқосқызы, Жасұлан Жұмабаев, Ерасыл Игизбаев Ақпейіл» халықтық вокал ансамблі патриоттық әндер шырқаса,  «Наз» халықтық би ансамблі «Ретро» биін билеп көпшілікті көтеріңкі көңіл күйге бөледі.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА