Туымыз көкке көтерілді

Өткен бейсенбі күні ауданымыздағы Орталық саябақта Республика күніне орай аудан әкімінің қатысуымен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. 

Мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызға ие ұлттық мерекені ұлықтау рәсіміне құқық қорғау органдары мен аудан жастары, зиялы қауым өкілдері мен барлық мемлекеттік мекемелер қатысты.

Елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекіте түскен салтанатты жиында алдымен мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, еліміздің Әнұраны шырқалды.

Іс-шарада аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, Ту көтеру – аса маңызды оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім екендігіне тоқталып, егемен еліміздің көк байрағының әрқашан биік болуына тілектестігін білдірді.

Одан соң мерекеге арналған шара орталық саябақта концерттік бағдарламамен жалғасып, аудан өнерпаздары патриоттық әндер тарту етті.

Қарғалы-АҚПАРАТ