ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕУІ – АЛҒЫС
Адал еңбектің қайырымы елден алған алғыс болмақ. Өйткені, халықтың алғысы – еңбектің шынайы бағасы іспеттес. Сол себепті де қай қоғамда болмасын еңбек адамының рөлі қашанда зор. Оның ішінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің де еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай.
2011 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 28 қазан-әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып бекітілген еді. Осыған орай елімізде аталмыш сала қызметкерлерінің мерекесі жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтіп келеді.
Халықты әлеуметтік қорғау саласы – мемлекеттік саясаттың маңызды буындарының бірі болып саналады. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Осы бағдарламаларды орындауда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл саланың маңыздылығын айта келе, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне өзгерістер енгізіп, халықты әлеуметтік қорғау ісін жетілдіру қажеттілігін айтып келеді. Өйткені, әлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі. Қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны да жасырын емес.
Осыған орай біз де мереке алдында ауданымыздағы әлеуметтік саланың жай-күйін білу мақсатында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижановамен әңгімелескен едік.
-Айгүл Оралбекқызы, алдымен келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіз ауданымыздағы әлеуметтік салада көп жылдардан бері еңбек етіп келесіз. Олай болса, еңбек жолыңыз жайында айта кетсеңіз?
-Құттықтауыңызға рахмет! Менің білім алып, тәжірибе жинақтап, алғаш еңбек жолымды бастап, өсіп-өнген өңірім – Қарғалы ауданы. Мен 1972 жылы қаңтар айының 15 жұлдызында кезіндегі Ленин ауданы, Жосалы ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Оралбек Бижанов ауданға танымал сыйлы жан. Ол Ленин атындағы ұжымшарда еңбек етсе, анам Нағима Бижанова 40 жыл Жосалы орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен ұлағатты ұстаз, ардақты ана. 1979 жылы мен мектеп табалдырғын аттап, 1989 жылы мектепті бітіргеннен кейін 1990 жылға дейін Ленин ұжымшарында еңбек еттім. Ал 1990 жылы жүрек қалауыммен жоғарғы оқу орнына түсіп, қаржы және несие мамандығы бойынша білім алдым. Одан соң оқуымды ойдағыдай бітіріп, диплом алып, өзімнің туып-өскен ауылыма оралдым.
Осылайша, 1995 жылы кезіндегі Ленин аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне маман болып қызметке орналастым. Содан бері осы мекемеде еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылға жуықтапты. Тәжірибе жинақтап, көп нәрсе үйрендік. Одан бері аудан атауы өзгеріп, қаншама жаңарулар орын алды. Осы аралықта қаншама қызметкерлер ауысты.
2005 жылдан 2011 жылға дейін әлеуметтік төлемдер бөлімінің бастығы болып ауыстым. Одан кейін 2011 жылдан 2015 жылдың мамыр айына дейін Қарғалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқардым. Сол кездері біз секілді жастарға тәрбие беріп, қанаттандырған әріптес аға-апаларымыздың еңбектері зор болды. Ол кісілер бізге көп нәрсені үйреткен нағыз өз ісінің білікті мамандары еді. Атап айтар болсам, Тұрсын Рахметқалиева, Тамара Терентьева. Сондай-ақ, оның ішінде мені осындай ақадал еңбектің дәмін татуыма ықпал еткен сол кездегі басшымыз Улдай Берденова апайымның үлесі зор. Сондықтан да, сол кісіге ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Тіпті әлі күнге дейін байланысымыз үзілмей, бағыт-бағдарын беріп отырады.
-Қазіргі таңда аталмыш ұжымда басшылық қызмет атқарып келесіз. Қанша адам жұмыс жасайды?
— Иә, 2015 жылдың мамыр айынан бастап осы мекеменің басшылық қызметіндемін. Ұжымда 6 адам жұмыс жасайды. Бәрі де өз ісінің мамандары. Еткен еңбегімізге қарай ұжымымның да, өзімнің де қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Солардың бірі 2020 жылы облыстағы жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар арасынан «Үздік ұжым» атансақ, 2023 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2015, 2016, 2017, 2020 жылдары кәсіби мерекемізге орай аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталдым. Әрине, бұл бірлескен ұжымның еңбегі. Сонымен қатар, әлеуметтік сала қызметкерлері үшін қарапайым халықтан алған алғыс біз үшін ең қымбат құрмет. Өйткені, күн сайын зейнеткерлерге, жан жылуын күтетін қамкөңіл жандарға, көп балалы отбасыларға, табысы аз азаматтарға көмек қолын соза отырып, олардың шынайы ризашылығы мен ақ батасын есту теңдесіз қызметіңе деген сүйіспеншілігіңді арттырады.
—Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің қоғамдағы қызметі қандай?
-Елімізде әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың қасынан табылып, әркез көмек қолын созатын мамандық иелері – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері. Сондықтан да, бұл саланың қоғамдағы орны айрықша. Біздер еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін қамқорлық танытып, еңбек етіп келеміз. Тұрғындардың маңызды әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне мүмкіндік жасау біздің басты міндетіміз. Осы мақсатта жыл сайын түрлі бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар атқарылып келеді.
Сол себепті де бізге жүктелер жауапкершілік аз емес. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, мереке қарсаңында халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің ардагерлері мен әріптестерімді келе жатырған кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Сіздер өздеріңіздің алтын уақыттарыңызды игі іске, өмірлік қиын жағдайға тап болған және мемлекеттің көмегі мен қамқорлығына мұқтаж азаматтар мен азаматшаларға қолдау білдіруге арнап келесіздер. Сондай-ақ, алдарыңызға келген мұқтаж жандардың үмітін оятып, болашаққа деген құлшынысын арттыруға бірден-бір себепкер сіздерсіздер. Олай болса, алдағы уақытта да еңбектеріңізге толағай табыс пен дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.