Шәмші әнін шарықтатқан фестиваль

Артына өшпес рухани мұрасын қалдырған көрнекті тұлға, ән падишасының жүрегін жарып шыққан әуендері Бадамша аспанын тағы да әсем әнге бөледі.

Дүйсенбі күні аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған “Әуелейді, Шәмші әні!” атты облыстық ретро әндер байқауы өтті.

Күллі қазақ даласын әуелеген әсем әндерімен тербеткен «Вальс короліне» айрықша құрмет көрсетіліп, жылдағы дәстүрге сәйкес өнер додасы биыл да жалғасын тапты. Композитордың ән мұрасының ең үздік үлгілерінің дәстүрін сақтауға бағытталған ән байқауына Ырғыз, Әйтеке би, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Қобда, Алға, Ойыл және  біздің ауданымыздың өнерпаздары қатысты.

Облыстық  деңгейдегі байқауға Ақтөбе облысына танымал әнші, сазгер, Сейсен Айтжанов, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, әнші  Нұртас Омаров және Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары  Қайрат Болысбек қазылық етті.

Сонымен қатар, фестивалға Шәмші қорының басшысы  Қайырғали Арыстанғалиев, қор мүшесі Хабиба Сарқұлова, өлкетанушы, тарихшы, мемлекет қайраткері Баянғали Құлтаев арнайы қонақ ретінде қатысып, өздерінің лебіздерін білдіріп, қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Ән кешінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев  сөз сөйлеп, қазақ мәдениетінің шырқау биігін бағындырған сазгердің біздің ауданымызбен байланысы зор құрмет екендігін айта келе, оның қастерлі есімін иеленген «Шәмші» ауылының биыл өз алдына бөлек ауыл атануын да үлкен жетістікке балап, барша шалғай аудандардан арнайы келген өнерпаздарға тілегін жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын, рухын Қазақстанның батыс төңірегіне кеңінен насихаттауға мол еңбегін сіңіріп жүрген Шәмші қорының мүшесі Хабиба Сарқұловаға ризашылығын білдіріп, құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Шәмші әнін шарықтатқан өнер кешінің сахнасы «Менің Қазақстаным» монологымен басталып, сазгер бейнесін аудандық мәдениет үйінің жас өнерпазы Дастан Кульманов шебер сомдап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Одан соң аудандық балалар өнер мектебінің ұстаздары Жасұлан Жұмабаев, Ерасыл Игизбаев пен білім ордасының өнерлі бүлдіршіндері мемлекеттік әнұранды орындады.

Байқау шарты бойынша өнерпаздар екі кезеңде өзара бақ сынады. Олар І кезеңде халқымыздың ән өнерінің көкжиегінде айрықша жұлдыз болып жарқыраған Шәмші Қалдаяқовтың  әндерін орындаса, ІІ кезеңде кез-келген бір ретро әнін шырқады. Қатысушылардың өнер көрсету реттілігі сахнада, яғни көпшілік алдында лэд  экрандағы ұяшықтарды таңдау арқылы анықталды.

Осылайша, әрбір ауданның намысын қорғап келген қатысушылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермендерді Шәмшінің әнімен сүйсінтіп, алдыңғы толқын аға-апаларымыздың жастық шақтарын еске салғандай, естен кетпес есті әуеннің әсем күйіне бөледі.

Өнер байқауында бағы мен бабы қатар сыналып, шын жүйріктің анықталары сөзсіз. Әділқазылар алқасының шешімімен “Әуелейді, Шәмші әні!” атты облыстық ретро әндер байқауының  Бас жүлдесіне Мұғалжар ауданының өнерпазы  Алан Оспанғали лайық деп танылып, ол  арнайы  дипломмен және 200 мың тг қаржылай сертификатпен марапатталды.

Ауданымыздың намысын қорғаған  Есет Әлімжан І орынды, Ырғыз ауданынан келген Бауыржан Нұрлыбайұлы ІІ орынды, ІІІ орынды темірлік  Жасұлан Жұлқашев иеленді. Ал байқаудың Арнайы жүлдесі Шалқар ауданының өнерпазы Асхат Сұлтановқа бұйырды. Жүлделі орындарға ие болған барлық қатысушылар дипломдармен және де қаржылай сертификаттармен марапатталды.

                       

                       

Сонымен қатар, өзге қатысушылар да алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды.

Ұлы сазгерді ұлықтаған байқау соңы барлық қатысушылардың  «Бақыт құшағында» әнін орындаумен аяқталды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА