ҚҰТҚАРУШЫЛАР – ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ
Кез келген тосын жағдайға ұшырағандарға алғашқы болып көмек қолын созатын құтқарушылардың еңбегі қандай құрметке де лайық.
Өткен аптада аудан әкімдігінде Құтқарушылар күніне орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Жиында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев төтенше жағдайлардың алдын алуда, тілсіз жаумен күресуде жедел әрекет етіп, әрбір басқан қадамының қауіптілігіне қарамастан, халықты құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау жолындағы олардың еңбектері үшін алғыс білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Расында, күнделікті қызмет барысында бастарын тәуекелге тігіп, адамдардың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу үшін жан алысып, жан берісетін құтқарушылардың еңбегі ерен.
Мерекелік қабылдауда аудан басшысы аталмыш салада үздік нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкерлерге Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Қахарман Оразалиннің және де өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Салтанатты жиын соңында мереке иелеріне арнап аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, ерекше көңіл күй сыйлады.
Қарғалы-АҚПАРАТ