Шаруасына мығым диқан

Еліміз өз ісіне шын берілген адал, еңбекқор адамдардың арқасында дамып, өркендеп келеді. Қай салада болмасын адал еңбекпен айналысып жүрген адамдар мақтауға тұрарлық. Солардың бірі — өзі туып-өскен жерінде 45 жыл еңбек етіп жүрген Қарғалы өңірінің тумасы Нұрғазы Қасымов.

Нұрғазы Қасымов 1967 жылы Қарғалы ауданы Кемпірсай ауылында дүниеге келді. Ол Кемпірсай мектебінің табалдырығын аттап, одан әрі оқуды Жосалы орта мектебінде жалғап, №1 Бадамша орта мектебін аяқтайды. 1979 жылы мектеп бітірген ол өз ауылындағы Ленин атындағы ұжымшарда аз ғана уақыт тракторшы болды. Жас жігітті ұжымшар жолдамамен Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға жібереді. Жолдамамен агрономия факультетін бітіріп, жер мен егіннің сырын меңгерген маман ауылына оралады. Жас маман ауданның ауыл шаруашылығы саласында өсімдіктермен дәндерді сұрыптау агрономы болып қызмет етеді. Аз ғана уақыт 1987-1988 жылдар аралығында аудандық комсомол ұйымының екінші  хатшысы болады. Алайда ауылдың тірлігін сағынған маманның жолы болып, аудандағы басшылықтың нұсқауымен тәжірибе жинақтаған маман Ленин атындағы ұжымшарда 1988-1994 жылдары бас агроном қызметін атқарады. 1987 жылы ауылға келген жас мұғалім Оразбике Еңсепқызымен отбасын құрады. Бүгінде зайыбы— №1 Бадамша орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы авиация саласында маман болса, қызы бір мекемеде бухгалтер, Ақтөбеде тұрып жатыр.

Елімізде 1991 жылдардан басталған ұжымшар-кеңшардың ыдырауынан өңірлерде жеке қожалықтар ашылып, әркім өз тірлігіне көшкені мәлім. Біздің кейіпкеріміз Нұрғазы Әлімжанұлы да өзі туып-өскен Кемпірсай ауылынан 1998 жылы алған 37 гектар жеріне — жер, малына мал қосылып, «Табыс» қожалығы ауыл-аймаққа таныла бастады. Бүгінгі таңда аталған қожалық 400 гектар егіндік алқабы мен 900 гектар шабындық алқапты игеріп, игілігін көріп отыр. Кейіннен бұл жерге өзге округтен ашқан «Нұр» шаруа қожалығының 600 гектар егін алқабы мен 1850 гектар шабындық алқабы қосылған. Осылайша екі шаруашылықты қоса есептегенде біраз жер көлемі бар. Осындай алқапты игеру үшін мұнда 10 адам еңбек етіп жүр. Қажетті құрал-сайман, техника да жеткілікті. Қосымша мал шаруашылығымен де айналысып келеді. Бүгінгі таңда 60 шақты жылқы, 20 қой, 20 ірі қара мал өсіріп отыр.

Нұрғазы қожалықта еңбек етіп жүрген жұмысшыларға ылғи жанашырлық танытып, қамқорлығын көрсетіп, ағалық жолымен талай жасты еңбекке баулып, қанаттандырып келеді. Солардың арасында өзіне серік болып «Нұр» шаруа қожалығының шаруасын дамытып жүрген інісі Нұрымқазы да бар, өз ісінің маманы бірінші класты тракторшы, жердің де бабын бір кісідей біледі.

Көпшіл азамат Нұрғазы реті келгенде әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрады. Аудан аумағында өтетін іс-шараларға қолдау білдіріп, мектеп, балабақшаға ауыл қарттарына демеушілік көрсетуді жазылмаған заңдай естен шығарған емес. Биыл Бадамшада жаңадан бой көтерген мешітке інісі Нұрымқазы екеуі үлес қосты.

Ауыл азаматының еңбегі де елеусіз емес, алғыс хаттардан бөлек, омырауындағы «Еңбек даңқы» ордені мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медалі ақ адал еңбектің елеуіндей көрінеді.

Қол ұстасып, бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқандарына 37 жыл болған Нұрғазы Әлімжанұлы мен Оразбике Еңсепқызы — ұл мен қыздан тараған немере-жиендердің шаршағанды басар шат күлкісіне кенеліп отырған үлгілі отбасы. Кейіпкеріміз — өзінің даңғыл жолымен ұл-қызына өнеге, көпке үлгі боларлықтай жарасымды отбасының ұйытқысы, нағыз еңбек адамы.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»