Ауылдарды дамытуға арналған жоба
Ауылдың тұрмысын түзеуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы туралы газетімізде бірнеше мәрте мақала жарияланды. Бүгінгі мақаламызда да ауыл тұрғындары қолдаған жобаның жақсылығы арқау болмақ.
Осы орайда жоба аясында өз кәсібін ашып, ісін кеңейтуге мүмкіндік алғандардың жай-күйін білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Таженовпен әңгімелескен едік.
-Нұржан Нәдірханұлы, қазақта «елде болса, ерінге тиеді» деген сөз бар ғой, осы келешегі зор, үміті мол жоба бізде қалай қарқын алып жатыр?
-Орынды сұрақ. Бұл «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алған болатын. Өздеріңізге мәлім Президентіміз ағымдағы жылдың 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында аталмыш жобаға тоқталып, ризашылығын білдіріп, әлі де жетілдіруді Үкімет пен әкім қараларға ескерткен еді
Жалпы алғанда «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты — ауылдық жердегі халықтың табысын арттырып, жастарды ауылға тартып, еңбекке бейімдеу. 2023 жылдан бастап облысымыздың барлық аудандарында бастау алған жоба, бастапқыда құс шаруашылығы мен шағын өндіріс ашуға беріле бастады. Алғашында қиындықтар да болды, десе де тұрғындарға арнайы мамандар тарапынан түсінік жұмыстары жүргізілді.
Биыл, яғни 2024 жылы бұл жоба мал шаруашылығы мен шағын және орта бизіністі дамыту мақсатында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Өз кәсібін дамытқысы келетін ауылдықтарымыздың сенімін еселей түскен жобаға қызығушылар жылдан-жылға артып келеді. Жоба бастау алғаннан-ақ, облысымыз бойынша біздің аудан қатысушылар арасында алдыңғы үштіктен көріне білді. Қазіргі таңда да күн тәртібінен түсірмей, аудан, ауыл әкімдері мен арнайы мамандар өңірлерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әрбір ауыл округіндегі әкімшілікте жобаға қатысушыларға жол сілтеп, құжаттарын дайындауға көмектесетін жауапты мамандар бар.
Бүгінгі күні іс бастап, шаруамды дөңгелетсем деген ауылдастарымыз «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» (ӘКК) 641 млн, 700 мың теңгені құрайтын 108 жоба тапсырылды. Солардың ішінен мақұлданған 53 жоба бойынша 333, 4 млн. теңге, яғни 2,5 пайызбен несие алып, бүгінде игілігін көре бастады. Қалған жобаға қатысушылардың құжаттары қаралу үстінде. Биылғы комиссияда мақұлданған жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ, айта кететін жайт, жоба түрі жетерлік. Және де қызығып, үміттенушілер де баршылық. Тек құжатты қабылдап, сүзгіден өткізіп, сараптау ұзақтығы болмаса, негізі қолдау бар, нәтиже де жоқ емес.
Сайып келгенде, аудандағы шаруамды дөңгелетсем дегендер жаңа жобаға үлкен үміт артуда. Ал алдыңғы ілекте тәуекелге бел буғандар жұмысын бастап, жобаның тиімділігіне көз жеткізіп, жемісін де көруде. Алдағы уақытта да бұл жоба негізінде кәсіп бастаймын деген жандарға біз де көмек қолын созып, түсінік жұмыстарын жүргізе бермекпіз.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ