Облыс әкімі дауыс берді
— 18 жасқа толғанда ең бірінші рет 2005 жылы дауыс бергенім есімде. Содан бері еліміздегі барлық саяси науқанға қатысып келе жатырмын. Әрдайым белсенділік көрсету, өз құқын пайдалану, елдегі маңызды саяси науқандарға қатысу — әр адамның құқығы және борышы. Ақтөбеліктер тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен гүлденуі жолында бір кісідей дауыс береді деп сенемін — деп атап өтті Асхат Шахаров.
№541 учаске төрағасы Райхан Кенжалинаның айтуынша, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Учаскеде 2550 адам тіркелген.
— Учаскеге бірінші болып қарттар, зейнеткерлер келді. Біздің учаскеге тіркелген 23 адам бірінші рет дауыс береді. Алғаш рет дауыс берушілердің барлығы естелік сыйлықтар алды. Учаске ашылған сәттен бастап сайлаушылар белсенділік танытты. Учаскеде дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалған. Денсаулық жағдайына байланысты 7 адам үйден дауыс береді. Олардың дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін барлығы дайын, — деді Райхан Кенжалина.
Біз барған кезде тұрғындар өз таңдауын жасау үшін отбасымен, бала-шағасымен келіп жатты. Олар үшін мектеп алдында кішігірім жәрмеңке ұйымдастырылған.
— Жәрмеңкеге ет, сүт, бау-бақша өнімдерін әкелдік. Кішігірім жәрмеңкеге 7 кәсіпкер өз өнімдерін әкелді. Олардың арасында «Бетбұрыс» бағдарламасы арқылы кәсіп бастағандар да бар. Задагүл Ахметова осы бағдарламаның арқасында жұмысқа орналасып, жоба игілігін көріп отыр. Бүгінгі жәрмеңкеде ол өзі жасаған өнімдерді сатылымға шығарды, — Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.
Айта кетейік, аймақта 569 845 сайлаушы бар. Олар 530 учаскеде дауыс береді. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА
aqtobegazeti.kz