ДАУЫС БЕРУШІЛЕР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА

Бүгін — еліміз үшін маңызды күн. Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша республикалық референдум басталды. Аталған шараға ауданымызда өз үлесін қосып жатыр. Қазіргі таңда аудандағы сайлау учаскесінің жалпы саны — 16. Оның 4-еуі — аудан орталығы Бадамша ауылында, ал қалғандары ауылдық округтерде орналасқан. Барлық сайлау учаскелерінің жұмысы таңғы 7:00-де еліміздің Гимнімен салтанатты түрде ашылды.

Айта кететін болсақ, референдумға дейін республикалық, облыстық, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары халыққа Президент Жолдауы мен халық үніне құлақ асатын бұл сайлаудың маңыздылығы туралы айтып, жүйелі жұмыстар жүргізген еді. Сондықтан да, ел болашағына алаңдайтын тұрғындар жексенбі күнге қарамай, таңсәріден-ақ сайлау учаскелерінде белсенділік көрсетті.

Еліміздің болашағы үшін таңмен таласа аудан орталығында орналасқан №240 сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатқан тұрғындардың қарасы көп. Сайлау учаскесі  аудандық Мәдениет үйінде орналасқан. Аталған сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Айнагүл Мамбетованың айтуынша, бұл учаскеге 974 сайлаушы тіркелген. Таңертең 100-ден астам сайлаушы келіп, өз таңдауларын жасаған. Оның ішінде алғаш рет саяси науқанға қатысқан сайлаушылар саны 3. Денсаулығына байланысты 23 адам үйден дауыс береді.

Сайлау учаскесінде ең бірінші болып дауыс бергендердің бірі — ауыл ақсақалы, зейнеткер Буран Кульманов.
—Бүгінгі науқанға мен ең алдымен өзімнің азаматтық борышымды өтеу үшін келдім. Біздің дауыс беруіміз арқылы еліміздің болашағы шешілмек. Сондықтан да, мұндай маңызды күнде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасайтындығына сенемін, — дейді ақсақал.

Ең алғашқылардың бірі болып, өз таңдауын жасаған зейнеткерімізге №240 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Айнагүл Сағидуллақызы естелік сыйлығын табыс етті.

26 жылдан бері саяси науқандардан қалыс қалмайтын Жангелді Беристенов осы жолы да өз таңдауын жасады:

— Мен 1998 жылы жұмыс барысымен Әйтеке би ауданынан Бадамша ауылына көшіп келдім. Қазір отбасымызбен осында тұрамыз. Балаларымыз осы жерде білім алып, еңбек етіп жатыр. Өсіп келе жатырған ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін бүгінгі референдумда өз таңдауымды жасадым. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бүгінгі күні қолдау білдіру әрбіріміздің міндетіміз. Осы орайда жерлестеріміздің белсенділік танытып жатқаны қуантады,-дейді ол.

Дауыс беруге қатысқан ауыл тұрғыны Евгения Хорольская:

-Өзім зейнеткер болсам да, ерте тұрып бүгінгі маңызды күні дауыс беруге келдім. Қазіргі заманда бір зейнетақымен өмір сүру оңай емес. Азық-түлік те қымбат. Бірақ ауылымызда мейірімді де жүрегі жомарт жандар баршылық. Осындай ауылда тұрып жатқаныма қуанамын. Тұрғындар арасындағы осындай ауызбіршіліктің арқасында ауылымыз жылдан жылға дамып келеді. Біз еліміздің жарқын болашағына сенеміз,-дейді зейнеткер.

Референдумда ауылдағы үлкендер жағы белсенділік танытты. Солардың арасында жасы  үлкен ауыл тұрғыны, 87 жастағы ақ жаулықты әжеміз Роза Абдрашитова да бар. Ол №240 сайлау учаскесіне өзі келіп, таңдауын жасап, комиссия мүшелері мен сайлау байқаушыларына ақ батасын берді.
№240 сайлау учаскесінің ауласында патриоттық әндер шырқалып, асық атудан ұлттық ойын ұйымдастырылды. Сондай-ақ жергілікті ауыл кәсіпкерлерінің жәрмеңкесі де өтіп жатыр. Ел болашағы үшін дауыс берген тұрғындар өз таңдауларын жасап, жәрмеңкеден жеміс-жидектер мен көкөністер алып қайтты.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА