Республикалық Халықтық штабтың өкілдері аудан тұрғындарымен кездесті
Дүйсенбі күні аудандық мәдениет үйінде АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың өкілдері, Мәжіліс депутаттары Дәния Еспаева, Қазыбек Әлішев және облыстық мәслихат депутаты Қайрат Төлеуов іссапармен ауданымызға келіп, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде Халықтық штаб мүшелері еліміздегі атом энергетикасын дамыту тиімділігі мен ел экономикасына тигізер пайдасы жайында талқылап, тұрғындар пікірін тыңдады.
Айта кететін болсақ, ағымдағы жылы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атом энергетикасын іске асыру, елдегі электр қуаты жетіспеушілігінің алдын алу мәселесі сөз болған еді. Жалпы, бүгінде оңтүстік өңірлерде электр қуаты жетіспеушілігі салдарынан қажетті тоқ көзін шетелден сатып алынуда. Еліміздегі күн сайын өсіп жатырған моно қалалар мен мегаполистер, ауқымды құрылыс жобалары және демографиялық ахуал электр қуатына деген сұранысты арттыруда. Соның негізінде, еліміздің жер қойнауындағы уранды бейбіт атом өндіру үшін пайдалану бүгінгі күннің басты қажеттілігіне айналып отыр.
Осы орайда Мәжіліс депутаттары алдымен АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды.
— Бүгін біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы бастамасын талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Осы уақытқа дейін референдум бізде тек саяси мәселе – ел Президентінің өкілеттілігін ұзарту бойынша ғана жүргізілген болатын. Енді әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша халықтың пікірін тыңдау маңызды. Сондықтан да сіздерді ақпараттандырып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамыз. Өйткені, бұл қадам еліміздің дамуына тың серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады,-дейді республикалық Халықтық штабтың өкілі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Дәния Мәдиқызының айтуынша, энергия тапшылығы қазірдің өзінде анық байқалып отыр. Оның үстіне тозығы жеткен станциялардың жағдайы алаңдатады.
— Қазіргі таңда елдегі барлық электр энергиясының басым бөлігін көмір электр стансалары береді. Ал олардың 70 пайызының тозығы жеткен. Атом энергетикасы осы мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Өйткені, ол тұрақты, экологиялық таза және Қазақстанды ондаған жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ете алады. Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Ақтөбеліктер АЭС салу бастамасын қолдап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін, – деді ол.
Басқосуда қоғам тарапынан атом станциясынан тарайтын радиацияның әсері кеңінен талқыланды. Халықтық штаб мүшелері тұрғындарға бұл мәселе бойынша ғалымдар, атом станциясының III+ буынының радиция әсерінің адам баласына зияны жоқ екенін айтып түсіндірді. Сондай-ақ, қоғамдық санада радиациялық қауіпі туралы стереотип сақталуда. Осы жерде айта кететін жайт, радиацияланған ядролық отын қалдық емес, қайта өңдеу нәтижесінде пайдалы материалдардың 90%-дан астамын қайта пайдалануға болатындығын атап өтті.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары да өздерінің пікірлерін ортаға салып, штаб мүшелерінің түсінік жұмыстарына ризашылықтарын білдірді. Республикалық Халықтық штаб мүшелерінің кездесуі одан соң медицина саласы өкілдерімен жалғасты.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА