ЕҢБЕКТІҢ АҚТАЛАТЫН СӘТІ ЖАҚЫН
Қазір шаруалар мен диқандар үшін қауырт кезең. Жаздай күтіп баптаған өнімінің жемісін көретін мезгіл. Биыл 150 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 116 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілді.
Иә, күзгі жиын-терім жұмыстарының басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, шауалар жұмысқа белсене кірісті. Олар ауа-райының қолайлы кезін тиімді пайдалып, егістік алқаптарын шығынсыз жинап алуды көздейді.
Осы орайда біз де өңіріміздегі диқаншы шаруалардың күзгі өнім жинаудағы жағдайларын білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысымен хабарласқан едік.
—Күзгі егін жинау науқаны қолайлы мерзімінде атқарылуда. Қазіргі таңда шаруа құрылымдары арпа, бидай дақылдарын жинауда. Егістіктің орташа түсімі әр гектарынан 15-16 центнерден өнім алынуда. Жалпы егіс жинау науқаны тамыз айының аяғынан басталды. Бүгінгі күні егістік алқабының 38%-нан өнім жиналды. Сондай-ақ, көкөніс өнімдері де қарқынды жиналу үстінде. Тағы бір айта кететін жайт, биылғы жаз мезгілінде жауын—шашын мөлшерінің шамадан тыс көп болуы шаруаларға зиянын тигізді. Сол себетен де тіпті ауданымыздағы кейбір шаруа қожалықтары егіс науқанын әлі де бастай алмай отыр. Дегенмен де, күзгі егін жинау науқанын қазан айының басынан кешіктірмей аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңдағы басты мақсатымыз егінге орақ салған шаруалардың өнімін ысырапсыз дер кезінде жинап, қамбаға құю,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Таженов.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА