Аудандық тамыз кеңесі өтті
29 тамыз күні аудандық мәдениет үйінде жылдағы дәстүр бойынша «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында ауданымыздағы білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті.
Пленарлық сессияға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, аудандық мәслихат депутаттары, селолық округ әкімдері, қоғамдық кеңес, аудандық ардагерлер кеңесі, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты. Сессия отырысы басталмас бұрын кеңеске қатысушылар фойеде жасалған ауданымыздағы дарынды балалардың робототехникалық тақырыптық көрмелері мен Өнер мектебі домбырашыларның ансамблін тамашалады.
Кеңес отырысын аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дуйсенова ашып, «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбында баяндама жасап, өткен оқу жылын қорытындылап, алдағы жоспарланған жұмыстармен бөлісті. Одан соң, №2 Бадамша орта мектептің директоры Айна Дюсекова «Ауылдағы білім сапасын арттырудағы тірек мектептің рөлі», Жосалы орта мектеп бала бақшасының математика пәні мұғалімі Гульдана Сейілхан «Білім ALL – білімнің биігіне жетелейтін жоба», Бадамша орта мектеп бөбекжай балабақшасының мұғалімі Маржан Байханова «Ауыл мектебіндегі дарынды балалармен жұмыс жүйесі», Бөбек бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Биязбаева Гулаим «Құзыреттілікті дамыту орталығы ауылдық балабақшаның жаңа үлгісі ретінде», Ауданның қоғамдық кеңесінің төрайымы Исмагулова Жанылсын «Ұлттық рухтағы тәрбиенің маңыздылығы мен құндылығы» тақырыптарында баяндама жасады.
Сондай-ақ, аудан әкімі Асқар Жүсібалиев облыстық, республикалық білім додаларында жетістікке жетіп жүрген шәкірттерді тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегіне тоқтала келе, аудан мұғалімдерінің мәртебелерінің биіктеп, абыройларының арта беруіне тілектестік білдіріп, жаңа оқу жылымен құттықтап, бірқатар ұстаздар қауымына өз атынан алғыс хаттар табыс етті.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы әрқашан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүретіні белгілі. Осы орайда «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова барша тамыз кеңесіне қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың алғыс хаттарын ұстаздарға табыстады.
Және де ауданымыздағы білім саласының өркендеуіне үлес қосып, үздіксіз нәтиже көрсете білген бірқатар ұстаздар қауымын аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Оған қоса білім саласындағы айтулы жетістіктері бар ұстаздар қауымы Облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Олар: Бадамша орта мектеп бөбекжай балабақшасының биология пәні мұғалімі — Нина Пудовкина, аудандық балалар өнер мектебінің хореография педагогі — Набира Мамбетова, «Байтерек» бөбекжай балабақшысының тәрбиешісі — Гульнар Кдырбаева, №2 Бадамша орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Гульжан Ержанбаева, Петропавл орта мектебінің математика пәні мұғалімі — Наталья Романенко.
Ал Облыстың білім басқармасының Алғыс хатымен «Бөбек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі — Ляззат Алдашева, «Балапан» мектепке дейінгі ұйымының тәрбиешісі — Татьяна Балан, Бадамша орта мектеп бөбекжай балабақшасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Элеонора Баенова, №2 Бадамша орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Жанат Жумабаева, Петропавл орта мектебінің мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары — Алига Бижанова марапатталды.
Осылайша, конференция соңы аудандық балалар өнер мектебі бүлдіршіндерінің әнімен қорытындыланды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.