Жаңа оқу жылы басталды

Білім күні – ерекше, жарқын, көңілді және ізгі мереке. Жылдың осы күнінен бастап білім әлеміне деген маңызды, сонымен қатар қызықты жол басталады. Жадыраған жаздың жаймашуақ үш айы көзді ашып-жұмғанша өте шығып,  қоңыр күздің алғашқы күні асқақ армандарын арқалап, бүлдіршіндеріміз мектеп табалдырығын  аттады. Күмбірлеген күміс қоңырау үні оқушыларды мектеп партасына шақырып, еліміздің  барлық білім ошақтарында қызығы мол тағы бір оқу жылы бастау алды.

         Осы орайда аудандық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес 12 мектеп  пен 3 қосымша білім беру ұйымдары өздерінің жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, биылғы оқу жылын 1- 11 сынып арасында 2470 оқушымен бастап отыр. Оның ішінде 270 оқушы 1 сынып табалдырығын аттады. Барлық білім беру ұйымына, әсіресе ауданға қарасты ауылдық елді мекендердегі мектептер жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына толықтай дайын.

Білім күніне орай «Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы» КММ мектеп оқушылары үшін  «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтті. Осылайша, 80 оқушы алғаш рет аталмыш білім ордасының табалдырығын аттады. Салтанатты шараға қонақ ретінде аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Жанат Дүйсенова мен білім саласының ардагерлері қатысты.

Қатысушы  қонақтар ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бүлдіршіндерге білім мен тәрбие берудегі еңбектеріне толағай табыстар мен сәттілік тіледі.

Тағы бір айта кететін жайт, «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын аудан мен ауданға қарасты барлық білім  беру ұйымдарында өткізілді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.