БАДАМШАДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ
Еліміздің Ата Заң мерекесімен тұспа тұс келген өткен аптаның қасиетті жұмасы қарғалылықтар үшін тарихта калар ерекше күн болды. Өйткені, бұл күні көптен күткен жүрегі жомарт халықтың демеушілігімен аудан орталығында 400 адамға арналған «Ас-Самиғ» атты жаңа мешіт бой түзеді.
Осылайша, өңіріміз сәулетті мешітпен толығып, аудан тұрғындары үшін жаңа мешіт өз есігін айқара ашты. Бес мыңнан аса халқы бар бадамшалықтарға бұрынғы мешіт тарлық етіп, қолға алған төрт мұнаралы айшықты менмұндалаған мешіттің ашылу салтанаты өтті.
Мешіттің ашылу рәсіміне Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли, аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев, аудандық мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев және де мешіт салуға атсалысқан демеушілер, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Аудан халқы бір кісідей жиналғанның арқасында бес уақыт намазымен иманды жастарды өзіне тартып, ауылымызға сән берер Алланың үйінің жер көлемі 500 шаршы метрді құрайды. Мұнарасы 17 ш.м, күмбезі 6 шаршы метрді құрайды. Жалпы аумағы – 649 га. Екі қабатты кең де жарық заманауи мешітке 300-400-ден аса жамағат бір уақыта намазға жығылып, мінәжат ете алады.
Екі қабатты жаңа мешіттің бірінші қабатында ер адамдарға арналған негізгі үлкен залы, Құран оқитын имамдар бөлмесі, жылыту бөлмесі, ерлер мен әйелдер таһартханасы қарастырылған. Ал екінші қабатта әйелдер залы мен діни білім алу және де неке қию бөлмесі бар.
Мешіт алаңы гүлзарлар мен тал теректерге жайқалып тұр. Сондай-ақ, арнайы көліктер үшін авто тұрақта бар.
Естеріңізге сала кететін болсақ, жаңа мешіт құрылысы 2023 жылдың мамыр айында бастау алған еді. Бір жылдан аса уақытқа созылған мешіт құрылысына ауданымыздағы мекеме ұжымдары мен кәсіпкерлер, жеке тұлғалар мен қарапайым халық аянып қалған жоқ. Сондай-ақ, жақсылықтың басы-қасында жүретін еріктілер де құрылысқа көмектесіп, қайырымдылыққа атсалысып, имандылық танытты. Жалпы айтқанда барша халық боп қолдау көрсеткен мешітке демеушілік танытқан жандар аз болмады. Солардың бірі де бірегейі, жүрегі жомарт жандардың қатарында Сауле Тулекбаева бар. Көмек қолын созғандар саны шектеусіз. Сондықтан да, атын атап, түсін түстемей-ақ, қолы ашық, жүрегі жомарт жандардың қолдауының арқасында сауапты іс атқарылды. Ал сауапты істердің ең абзалы -Алла үйін тұрғызу.
Айта кету керек, қандай жұмысқа да жауапкершілікті сезініп, жұмыстың басы-қасында жүріп, жөн сілтейтін жан керек. Осы орайда мешіт құрылысы бастау аларда ауыл ақсақалдары бас қосып, бұл іске жауапты адам керек дегенде, ерге лайықты істі өзіне тәуекел етіп жүктеп алған ауылымыздың жеке кәсіпкері, іскер жан — Мадина Искакова еді. Шыны керек, бүгінгі жаңа мешіттің ашылып, халық игілігіне бергенге дейін жаны нәзік болса да, ер азаматқа тән сертіне тұра білді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жас ерікті, еңбекқор Азамат Алхатов келіп, Мадина екеуінің кеңесімен бой көтерген мешітті көргендер таң қалып, таңдай қағысты. Қасиетті жұма күнгі мешіттің ашылу салтанатына жиылған жамағаттың қарасы да көп болды.
Мешіттің ашылу салтанатында арнайы келген наиб имам Алмат Әли облыстың Бас имамы Амантай Садиевтің құттықтауын жеткізіп, демеушілік танытқан ізгі жандарға бас имамның алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар, ауданымызға күні кеше тағайындалған әкім Нұрлыбек Өнербаев та өзінің лебізін білдіріп, қарғалылықтар мен аудан қонақтарына, демеушілік танытып, сауапты іске белсене қатысқан барша жандарға өз атынан шынайы алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, салтанатты шарада ауданның бас имамы Нұрлан Қырықбаев та тұрғындарға деген құттықтауы мен алғысын жеткізіп, Құран оқып, батасын мешіт ақсақалы Мырзабек қажы берді.
Және де жаңа мешіттің ашылу салтанатының лентасын облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Амангелдіұлы мен Мырзабек қажы Құрақбайұлы қиды. Одан соң барша жиылған жамағат мешіт бөлмелерін аралап, Жұма намазға сапқа тұрды. Облыстан келген найб имам жиылған жұртшылыққа мешіттің маңызы мен тәрбиелік мәні жайында дәріс оқып, намаздан соң жамағатпен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі.
Игі шарадан соң арнайы келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына киіз үйде дастархан жайылып, ас берілді. Дастархан басына жиылған жұртшылық жақсы әсермен арнайы тілектерін білдіріп, ақ батасын жаудырды.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»