Сенбілік —  тазалық таразысы

Елімізді абаттандыруға арналған «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тазалыққа бет бұрған бұл жобаға еліміздегі барлық өңірлер қолдау білдіруде.  Солардың арасында біздің аудан жұртшылығы да бар.

Жабыла жұмылғандағы мақсат — «Таза Қазақстан» акциясы арқылы ауыл-аймақты абаттандыру, көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау, ең бастысы тұрғындар арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша сенбіліктер ұйымдастырып, түсінік жұмыстарын жүргізу көзделген.

Біз де  бір айлық науқан емес, жүйелі жұмыс ретінде акцияға қатысып жүрген ауылдық округтермен хабарласқан едік. Алғаш қолдау білдіргендердің бірі — Велихов ауылдық округі.

Еліміздегі тазалық науқанына бұл ауылдық округтің тұрғындары белсене қатысып, әр сенбі сайын бірлесе еңбек етуде. Акция басталғалы олар ауыл маңына тазалық жұмыстарын жүргізіп, 30 тоннадан аса қатты тұрмыстық заттардың қалдықтары шығарылған. Осыншама қоқыстардан арылуға Велихов, Ақжайық ауыл тұрғындарына көмек көрсеткен «Велихов» ЖШС-гі,  «Рождественка» шаруа қожалығы, Ақжайық ауылындағы «Қарабұлақ» шаруа қожалықтарының еңбегі зор. Олар жанармайдың ұшынып тұрған бағасына қарамастан, ауылдастарына көмек қолын созып, өз техникаларымен қоқыстарды тазалауға жәрдемдесті.

Сондай-ақ, тазалық акциясына осы округте қызмет етіп жүрген ірі өндірістік ЖШС-нің де көмегі зор. Олар әрқашан  ауылда өткізілетін іс-шараларға ұйытқы болып, демеушілік танытып келеді. Айта кететін болсақ,  «Алина-Холдинг» ЖШС-гі 300 АЕК ақшалай қолдау көрсеткен.

Бұл қаражатқа Велихов ауылындағы саябаққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалар ойын алаңына қажетті әткеншек, каруселдер мен теңгерім арқандар, құмсалғыш жабдықтар, т.б қажетті құралдар алынған. Сонымен қатар,  ауылдық бөгеттерді  қалпына келтіруге «Велихов», «Алина-Холдинг», «Ди-Лэнд» ЖШС-нің техникалары көмек берсе,  жергілікті «Қарабұлақ» шаруа қожалығы да көмек беруден аянып қалған жоқ. Жалпы алғанда ауыл мен  көшелер тазаланып, уақытымен сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.    Тазалық шарасына үлес қосқан бірі –Ащылысай ауылдық округі. Бұл ауылдық округ те акцияға белсене қатысып, ауыл ажарын көркейтті.

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 40 адам тұрақты түрде   сенбілікке шығып, әрі көше тұрғындарының басын қосқанның арқасында ауыл маңы тазаланып, қоқыстардан тазартылды. Тазалық жұмыстарына ауылдағы  «Рассвет», «Байқұла» шаруа қожалықтары жүк машинасы тіркемесімен, жол талғамайтын көліктерімен көмек көрсетті. Нәтижесінде 20 тонна қоқыс далаға шығарылып, ауыл ішіндегі саябақ пен мәңгілік алау айналасы тазаланып, гүл шоқтары отырғызылып, ағаштар әктелді. Ауылдағы мектеп айналасы да  тазартылды. Осылайша, ауыл тұрғындарының белсенділігінің арқасында тазалық мәселесі ауылға кіре берістен-ақ байқалады.

Бақыт ИМАШЕВ