Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ақтөбеден 7 спортшы қатысады
Ақтөбелік спортшылар тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша қүрес және құраш ойындарында сынға түседі. Сонымен бірге Астанада Ақтөбе өнерпаздары концерт өткізеді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе облысының делегациясы бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аттанды. Ақтөбеден Азамат Қайдаров, Мөлдір Серікқызы, Ғарышбек Құлыбек, Назерке Азаматова, Бақыт Құсақбаева, Әділет Шалғынбекұлы және Бекнұр Бектай қатысады. Ол тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес және құраш спорт түрлерінен сынға түседі.
– Спортшыларды Әйтеке би ауданында шығарып салды. Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Биыл Қазақстан Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толуын атап өтіп жатыр. Ақтөбеліктер сондай-ақ Астанаға «Ислам-бұлақ» қасиетті бұлақ көзінің суын да апарады. Бұл бұлақ суының емдік күші жайлы аңыз көп. Делегация құрамында ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық ұжымдар да бар. Сонымен қатар «Көшпенділер әлемі» этноауылын ұйымдастыру үшін арнайы дайындалған киіз үйлер жіберілді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек күндері Астанада өтеді.
https://kaz.inform.kz/news/besnsh-duniezhuzlk-koshpendler-oyindarina-aktobeden-7-sportshi-katisadi-9728fb/