КӨППЕН БІТЕТІН ІС
Әлбетте, қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Сондықтан да, туған жерімізді, туған қаламызды аялау, оны көздің қарашығындай қадірлеу ортақ іс. Ендеше жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы дерлік адамның шынайы ниетімен жасалуы қажет.
Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өз жалғасын табуда. Бұл акцияға барлық өңір белсенділік танытып, жұмыла қатысуда. Солардың қатарында біздің өлкеміз де бар. Осы орайда өңіріміздің белсенділігін білу мақсатында Бадамша ауылдық округі аппаратының жетекші маманы Балдырған Қожашовамен хабарласқан едік.
-Аудан орталығында 5 мыңнан аса халық тұрады. Мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың осы ауылда шоғырланғанын ескерсек, атқарар жұмыс та жетерлік. Ауыл тұрғындарына «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қатысуда жылдағыдан да қарқынды түрде түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бекітілген жұмыс жүйесіне сәйкес мекеме қызметкерлерімен қатар қарапайым ауыл тұрғындары да белсенділік танытуда. Сондай-ақ, жаз бойы әр апта сайынғы сенбілікте көлік пен қажетті құрал-жабдық жеткілікті деңгейде бөлініп, шөп шабатын техникалармен де қамтамасыз етілуде. Тазалық жұмыстары барысында көшелердегі тал-теректер түбі әктеліп, көптеген қоқыстар жиналуда. Оған қоса, ауданымыздағы орталық саябақтар мен жаяу жүргіншілер жолы да тазартылды.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы мен Бадамша ауылдық округі және де ауыл жастарының ұйымдастыруымен ауыл маңындағы тоғын сулар қоқыстардан тазартылды. Ауданымыздағы бүлдіршіндерді каратэ спорт түріне баулып жүрген жаттықтырушы Арыстан Мұқановтың жеткшілігімен ауыл маңы мен су жағалауларына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Жалпы алғанда биылғы сенбіліктің жөні бөлек деуге де болады. Бұған Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған республикалық «Таза Қазақстан» акциясының маңызы зор. Акция аясында өлкемізге тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелеріміз көркейіп қалды. Сондай-ақ, аудан орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары мен кәсіпкерлер тазалыққа ерекше көңіл бөлуде. Жеке секторлар да барды салып, қоқыстан арылуға белсенділік танытты.
Расында, «Бес саусақ бірдей емес», — демекші кейбір тұрғындар жеке үйлерінің айналасын тазалауға енжарлық танытып жататын жайлар да кездесіп жатады. Оларға округ әкімдігі мен учаскелік полицейлер ескертпе жасап, көрсетілген уақытта тазалау жұмыстары тапсырылады. Десе де нәтиже жаман емес. Тағы бір айта кететін жайт, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 19 жеткіншек еңбек етеді. «Жасыл ел» еңбек жасақшылары бір айға Орталық саябағындағы жұмысқа тартылып, арам шөптерін жұлып, тазалық жұмыстарына қолқабыс етті,-дейді жетекші маман.
Жалпы бұл акция тазалықты насихаттап қоймай, болашақта ауызбіршілікпен бірлесе отырып, айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарауға, туған жердің табиғатын сақтап қалуға халықты біріктіретін оңды бастама. Сондықтан да, сырттан қараған сыншыл көз ауданымыздың көз тоймас табиғатына қызыға қараса мақтаныш емес пе? Олай болса, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!
Бақыт ИМАШЕВ