Ақ халаттылар мейрімі
Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа кірісіп кетеді. Әрине, баласының білім алуы үшін ешбір ата-ананың аянып қалмасы анық. Десе де, қу тіршілікте қымбатшылық қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмайтын жағдайлар да кезігіп жатады.
Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде биыл он екінші рет маңызы зор «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып отыр.
Акцияның басты мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету.
Бұл «Мектепке жол» акциясына барлық өңір әкімдері, мекеме-кәсіпорын басшылары мен ұжым қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, жеке кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары атсалысуда.
Солардың бірі – аудандық аурухана ұжымы. Жылдағы дәстүрге сәйкес аталмыш ұжым биыл да «Мектепке жол» республикалық акция аясында «Жақсылық жаса» ұранымен қайырымдылық шарасына үлес қосып, балаларға мектепке қажетті сыйлықтар тарту етті.
Ең алдымен аудандық аурухана басшысы Берік Жаржанов пен кәсіподақ ұйымының төрайымы барша ұстаздар мен оқушыларды алда келе жатқан 1 қыркүйек — Білім күнімен құттықтап, балаларға жаңа оқу жылы алдындағы сабаққа қажетті құралдарын табыс етті.
Яғни, аудандық аурухана ұжымындағы 16 отбасының бірінші сынып табалдырығын аттайтын бүлдіршіндеріне 12 мың теңгелік мектеп құралдарымен қамтамасыз етті.
Сондай-ақ, мейірімділік акция аясында қосымша 5 балаға 100 мың теңгеге мектепке қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін алып берді. Оған қоса тағы бір көп балалы медицина қызметкерінің баласына облыстық отбасылық «Qamgor» кәсіподағының 30 000 теңгелік сертификаты табысталды.
Ақ халатты абзал жандардың қамқорлығы мен мейіріміне ата-аналар да алғыстарын жаудырып, шат көңілде тарасты.
Бақыт ИМАШЕВ