ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Бұл уақыт әсіресе, мектеп оқушылары үшін жаңа өмір белесіне баланады. Ата-аналар балаларына оқу құралдары мен мектеп формасын алып, қызу дайындықты бастап кетті. Ал ауданымыздағы білім ошақтары оқушы қабылдауға дайын ба? Сондай-ақ, білім саласында қандай өзгерістер бар? Осы сауалдарды анықтау мақсатында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дуйсеновамен хабарласқан едік.
Аудандық білім бөлімі басшысының мәліметіне сүйенсек, жаңа 2024-2025 оқу жылы аудандағы 12 мектепте 2404 бала білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде, 1-сыныпқа 245 бала қабылданып отыр. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында оқушылар 100% оқулықпен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, 1-4 класс пен арнайы санаттағы отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға тиісті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді.
Жыл сайын жаңа оқу жылының алдында әлеуметтік осал отбасы балаларына көмек көрсетіледі. Биылғы жылы баланың ата-аналарының есеп шоттарына қаржылай (43 407 тг. көлемінде) көмек аударылатын болады. Осыған орай ата-аналардың (заңды өкілдерінен) өтініштері қабылданып, комиссия қорытындысымен көмек алатын оқушылардың ата-аналарының есеп-шоттарына қаржыны аудару шаралары жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы өтіп жатқандығын да айтқымыз келеді. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың балалары демеушілер тарапынан мектепке қажетті оқу құралдармен және де киім-кешектермен қамтамасыз етілді.
Жалпы, аудандағы барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 1 білім беру ұйымына, яғни «Балапан» б/б» 182,7 млн.тенгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, Қайрақты орта мектебінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңа модификациялы пәндік кабинеттер барлық мектептерде бар.
Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік білім беру ұйымдарын жарақтандыру мақсатында мынадай жұмыстар жүргізілді: Барлық мемлекеттік 12 мектеп пен 6 балабақша бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Жедел басқару орталығына 5 мектеп қосылды. Және де 12 мектеп пен 6 балабақша ұйымы дабыл түймесімен жабдықталды. Арнайы күзет қызметімен 2 мектеп қамтамасыз етілген. Оған қоса ағымдағы жылы 7 мектептің бейнебақылау жүйесін жаңарту үшін қаражат бөлінді.
Әрине, кезекті оқу жылының ойдағыдай өтуі, оның өн бойында жақсы жетістіктер мен нақты нәтижелердің де көрініс беруі оған дайындықтан бастау алатыны бұрыннан белгілі жайт. Міне, осы мақсатта аудандағы білім ордаларының жаңа оқу жылына дайын екендігін білдік. Десе де, жоспарланған дүниелер де жоқ емес. Қалғаны уақыттың еншісінде.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА