Жастармен өткен келелі басқосу

Өткен аптада облысымыздың туризм маржаны саналатын Ащылысай ауылдық округіндегі  БАМ су қоймасы жағалауында аудан жастарының тимбилдингі өтті. 

Тимбилдинг (ағылшын тілінен. «team»-команда және «building»- құру, жасау) — команда құруға, қызметкерлерді біріктіруге, олардың ынтасын арттыруға және нәтижесінде компания жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұжыммен жұмыс істеу әдістемесі. Қарапайым сөзбен айтқанда, тимбилдинг —бұл қызметкерлердің командалық рухын нығайтуға бағытталған жүргізушімен командалық ойындар мен топтық шеберлік сыныптары.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген тимбилдингтің негізгі мақсаты – жастардың интеллектуалды, спорттық әлеуетін дамыту, өзін-өзі қалыптастыру. Аудан жастарының басын біріктіре отырып, бос уақыттарын тиімді өткізу.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев сөз сөйлеп, тимбилдингке қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, бұл күні көңілді уақыт өткізіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді.    Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің қолдауымен өткен  тимбилдингке ауылдық округтер мен білім беру мекемелерінің жастары белсенділікпен қатысты. Жарыс шарты бойынша олар сегіз топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Бұл шарада «Жалынды жастар» атты Бадамша мектеп- бөбекжай-бақшасының жастар кеңесі командалық сайыстарға жауапты болды.

Қатысушылар садақ пен пневматикалық мылтықтан оқ ату, асық ату сынды шеберліктері бойынша сынға түсіп, оған қоса эстафеталық жарыстарға қатысты. Шарада шыдамдылығы мен алғырлығын, жылдамдығын сарапқа салатын көптеген түрлі ойындар ойнатылды. Алты кезеңнен тұратын ойын жастар үшін қызықты да әрі тартысты өтті. Сондай-ақ, команда мүшелерінің бір-бірін қолдауы мен түсіністік танытуы сайыс барысында алға ұмтылуға себепші болды.

-Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Өйткені, мұндай топтық сында команданың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігінің бір болуы маңызды. Себебі, бірлігі жарасқан команда сыннан сүрінбей өтеді және жеңіске жетеді. Осы орайда тимбилдинг ұйымдастыруда өздерінің үлестерін қосқан аудандық мекемелер мен ауылдық округтерге алғыс білдіремін. Ең бастысы ауыл жастарының басын қосқан қызықты шара өтіп, керемет көңіл күй сыйлады,-дейді аудандық жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.          Тимбилдинг барысындағы тағы бір қызықты сәт, аудандық кітапхана әдіскері Қанат Қартбаев жүргізген квиз интеллектуалды ойыны болды. Мұнда қатысушылар ауданымыз туралы қызықты ақпараттармен білімдерін молайтып, сұрақтарға жауап ала алды.

Осылайша, тартысқа толы ойында жоғары ұпай жинаған команда мүшелері арнайы алғыс хаттармен және де естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, шара соңы аудандық мәдениет үйі дайындаған көңілді концертке ұласты.

Жұлдыз КЕНЖЕ