ЖЕМІСІ МОЛ ЖОБА

Ауыл халқының тұрмысын жақсартып, табысын арттырып, барлық әлеуметтік мәселелерді шешуде «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор. Бұл ең алдымен – ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам.


«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өте қолайлы болып
отыр. Әсіресе қора-жайы, егістік жері бар бірақ қаржысы жоқ тұрғындарға
кәсіп бастауына оң ықпал етеді. Бұл жобаға кез-келген ауыл тұрғыны қатысып өсімдік шаруашылығына, құс өсіруге, сүтті ешкі өсіріп, сүт, ет өнімдерін өңдеуге және де шағын бизнес саласында халыққа қызмет көрсететін көптеген кәсіп түрлерін дамытуға несие алып жұмыстарын жүргізуде.
Осы орайда біз де жақында ғана өз алдына бөлініп шыққан Шәмші Қалдаяқов ауылы әкімдігінің «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға жол сілтеуші бас маманы Ақайдар Урынбаевпен хабарласып, әңгімелескен едік.
-Шәмші Қалдаяқов ауылы өткен 2023 жылы, (ол кезде Желтау ауылдық
округіне қарап тұрған кезі болатын) «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген 2,5 пайызбен кәсіп бастағандар аз емес. Жоба аясында несие алып, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлер, Ерлан Алганбаев құс өсіруге 1 млн 230 мың теңге, көкөніс шаруашылығына 1 млн 680 мың теңге, Жұбанышкали Идельбаев құс өсіруге 2 млн 820 мың теңге, көкөніске 1 млн 900 мың теңге, сүт өңдеуге 3 млн 280 мың теңге, Марина Дусенгалиева құс өнімдеріне 1 млн 100 мың, көкөніс өсіруге 840 мың теңге, сүт өнімдеріне 1 млн 200 мың теңге, Наушагүл Шынтасова құс өсіруге 3 млн, сүт өніміне 3 млн, тігін цехын ашып қызмет етуге 3 млн теңге алып, бәрі де биыл кәсіптерін жүргізіп, игілігін көруде. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары 2024 жылға құжаттарын енді тапсырып жатыр. Десе де кәсіп бастауға ерте қамданған ауылымыздың тұрғыны Гүльнара Елеусизова жылыжай салуға жолданған құжаттары мақұлданып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бөлген 6 млн. 860 мың қаржыға жұмыстарын бастап та кетті,-дейді жауапты маман.
Расында, Шәмші ауылында «Ауыл аманаты» жобасына қатысқан 4 адам біраз кәсіпке демеу болып отырғаны көрініп тұр. Жалпы игерілген қаржы 23 млн 50 мың теңгені құраған.